Жанармай бағасының шарықтауы шаруаларға оңай болмай отыр – ШҚО

Қазақстанда дизель отынына сараланған бағаның енгізілуі бірнеше ірі компанияны тығырыққа тіреді. Мәселенің ушыққаны сонша ел шығысындағы тау-кен өндіріс орындары, тасымалдаушылар, көлік, жол, құрылыс кәсіпорындарының біршамасы банкротқа ұшырауы да мүмкін. Бүгін Өскеменде сала өкілдері бас қосып, мәселені шешу жолдарын талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуда тіпті жанар-жағармай бойынша жеңілдік алып отырған ауылшаруашылық бағытындағы кейбір мекемелердің де қиындыққа ұшырап жатқаны белгілі болды. Ал осының барлығы түптеп келгенде азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етіп отыр.

Дизель отыны қымбаттады дегенше, дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасы шарықтады дей беріңіз. Қазір бұл отынның құны 260-450 теңге аралығында. Қалың жұрт пен ауылшаруашылық саласы арзандау алып жүрсе, жанармайды ең көп тұтынатын ірі компаниялар қымбат бағаға ұрынып отыр. Өйткені оларға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Баға өсімі тежелмесе, банкротқа ұшырайтын кез де алыс емес. Бұл туралы басқосуға жиналғандар айтты. Талғат Нұрмұхамбетов тау-кен саласындағы компанияны басқарады. Өндірісте ең ауыр техникалар қолданылады. Демек дизель отыны ауадай қажет. Алайда қымбатшылықтың қысқаны сонша енді кәсібін тоқтату туралы сұрақ қаралуда.

Талғат Нұрмұхамбетов, жер қойнауын пайдаланушы компания басшысы:

– Біздің кәсіпорын жабылудың аз-ақ алдында тұр десем, артық айтпаспын. Жоқ дегенде баға реттелгенше, осындай шешім қабылдауымыз мүмкін. Қазір менде 270-тей адам жұмыс істейді. Осы адамдардың 70 проценті жұмыссыз қалуы мүмкін.

Дизел отынының бағасына көмір құны да тәуелді. Ал қара отын қымбаттаса, жылу электр орталықтары да қарап отырмайды. Салдарынан қарапайым халықтың қалтасына салмақ түседі.

Жанармайдан жеңілдік бұйырып жүрген ауылшаруашылық саласы да қарық болып отырған жоқ. 210 теңгелік дизель отыны бітуге жақын. Оған қоса өнімді кептіруге берілген арзан жанармай мөлшері екі есе азайған. Күнбағыс майын өндіретін негізі өлке үшін бұл үлкен ауыртпашылық.

Фарид Абитаев, агрохолдингтік компания басшысы:

– Қазір нағыз жиын-терім уақыты. Жауын-шашын да басталды.Қазір осы жиналған өнімді кептіреуге арналған дизель отыны жетпей жатыр.Демек еңбектің жартысы зая кетіп, шемішке шіріп кетуі мүмкін. Екінші жағынан күнбағыс майының тапшылығы туындайтын болады.

Осы жерде бағаны реттеуге жергілікті әкімдік араласа ала ма, қымбатшылыққа не себеп? Жанармай сатушылар арасында сөзбайлаушылық болуы мүмкін бе деген сұрақтар туындайды. Бұған облыстық кәсіпкерлік басқармасының өкілі тұшымды жауап айтпады. Сондықтан сарапшылар мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.

Шыңғыс Риаханов, экономист:

– Дизель отыны біздің экономикамыздың қан жйүесі сияқты. Бұған экономиканың барлық бағыттары байланысты. Дизель отыны бағаны қалыптастыратын бағыттардың барлығына қатысады. Сондықтан осы бағаны реттеу тізіміне көптеп сатып алу компанияларын қосуды ұсынамыз.

Сонымен қатар жиналғандар қып-қызыл науқан кезінде жөндеуге жабыла беретін мұнай зауыттарын алмастыру үшін, шағын зауыттар салынса, жөн болатынын айтады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов