Шымкентте мәдениет ошағы тапшы

Шымкентте ауқымды іс-шара өткізетін мәдени ошақ аз. Шаһарға сапары кезінде Мемлекет басшысы да осы мәселені айтқан еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп Үкіметке шұғыл опера және балет театрын салуды тапсырды. Ел Президентінің бұл тапсырмасы қашан жүзеге асады? Жаңа нысан қашан ел игілігіне беріледі? Шымкенттегі опера және балет театры өткен ғасырда салынып, 2007 жылы қайта жөндеуден өтті. 15 жылдан бері көрерменнің көзайымына айналған сахналық қойылымдар жұртшылық назарына ұсынылып келеді.

Шоқтығы биік өнерді тамашалағысы келетіндер көп. Кәсіби мамандарға да қойылатын талап күшейді. Алайда тар сахнада кеңінен құлаш сермеу мүмкін емес. Залға да көрермен сыйымай қалады. 

Майра Мұхамедқызы, қалалық опера және балет театрының басшысы:

Мынау шынымен де ешқандай техникалық стандарттарға сай емес. Бұл жәй ғана мәдениет үйі. Келіп концерт беріп, шағын ғана кештерді ұйымдастыруға арналған. Бұл залда 300 орын бар. Сахнасы 10х10. Ол мүлде опера қоюға келіңкіре бермейді.

Президент пәрменімен опера және балет театрына арнап, жаңа ғимарат салынатын болды. Жергілікті атқарушы органдар нысанның орналасу аумағын белгілеп, жер телімін бөлді. Қасбетін айшықтайтын бірнеше жобаның нобайы да таныстырылды. Театр жетекшісі жаңа ғимарат заман талабына сай салынғанын қалайды.

Майра Мұхамедқызы, қалалық опера және балет театрының директоры:

– Келген өнер адамдары, әншілер қиналмай ма деген кезінде даусы жаңғырып тұратын музыканттардың даусы да терең ямада емес соның бәрі стандартқа сай болып тұрса, бір-бірімен үйлеседі. Біз сол кезде ғана өнерді керемет көрсете аламыз.

Өнер – халықтың рухани айнасы. Бұл ретте шаһар тұрғындарына қызмет ететін 21 мәдени ошақ, 6 театр бар. 2 мыңға жуық маман құнды өнердің қасиетін дәріптеуге өз үлесін қосып жүр. Алайда өнер иелерінің жалақысы мардымсыз. Басқарма өкілдері бұл мәселені шешу үшін опера және балет театрына республикалық статус берілуі керек.

Дамир Жүнісов, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының м. а :

– Жалпақ тілмен айтқанда 70 мың мен 140, 160 теңге. Премия болған жағдайда әрмен қарай көбейе беретін қаражатпен қамтамасыз етілген. Әрине республикалық статус беру мәселесі де қазіргі кезде көтерілуде. Ол кезде қызметкерлердің айлық мәселесі де жақсарып, орташа айлық табысы 300 мыңнан жоғары болады.

Шымкентте Президент тапсырмасымен тағы бір мәдени кешен құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 мың орындық Конгресс холл 2023 жылы пайдалануға беріледі. Қазір құрылыстың 60% аяқталды.

Ердәулет Әжібаев, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

«Шымкент сити» шағын ауданында орналасқан. Сыйымдылығы 2066 орынға лайықталған. Сонымен қатар бес блоктан, тоғыз қабаттан тұрады. Конференц зал бар 190 адамға. 148 адамға арналған асханасы бар. Ғимараттың құрылысы жүрзілуде. Конгресс холлды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ бұл игілікті істен Көкбұлақ, Өтеміс, Базарқақпа, Қайнарбұлақ тұрғындары да кенде қалмайды. Мұнда сыйымдылығы 100 орынға арналған мәдениет үйлері салынады. Осылайша шаһар іргесіндегі шағын елдімекендерде 2024 жылға қарай өз мәдени орталықтары пайда болады. 

Нұрсұлатан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов