Алматыда 45 тонна күл-қоқыс шығарылды

Алматыда ауқымды экологиялық сенбілік өтті. Оған мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, ардагерлер, оқушылар, жалпы саны 500-ге жуық қала тұрғыны қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өзен жағасын тазалап, көшет отырғызды. «Таза табиғат» акциясы Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. Күмбірлеген күймен бірге экологиялық акцияға қатысушылар айналаны тазартуды бастады. Сенбілік Үлкен Алматы өзенінің оң жағасында өтті. Аға буын өкілдері жастарға ағаш көшеттері қалай отырғызылатынын үйретті. Барлығы 200-ден астам ағаш егілді. Күтімі жақсы болса шаған, сәнағаш пен қарағаш бірнеше жылда жайқалып шыға келеді. Экосенбілікке Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденовте қатысты.     

Сайран Сайфеденов, Әуезов ауданының әкімі:

– Біздің ауданымыздың шығыс жағы болып саналады бұл жер деген. Үлкен Алматы өзенінің бойы. Кезінде өсімдіктер басып кеткен. 2 жылдың ішінде осы жерді абаттандырып, жалпы сыртқы жарықтандыруын жасап, балалар алаңын ұйымдастырып, ағаштар егіп, қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Мұндай шаралар біздің ауданымыз бойынша жалғасын тауып жатыр.

Осы маңда тұратын адамдарда шет қалмай, өз үлесін қосты. Тіпті кішкентай балаларға дейін үлкендерге көмектесті. 2-3 сағаттың ішінде 45 тонна күл-қоқыс жиналды.

Нұрдәулет Бейсенбаев, колледж студенті:

– Біз бүгін ағаш отырғызып,қоқыс жинап, халықтың жағдайын жасап, осы жерде демалуына мүмкіндік жасап жатырмыз. Осындай іс-шараларға көп қатысамын мен.

 «Сенбіліктің мақсаты – қаланың сыртқы келбетін жақсарту, экологиялық таза аймаққа айналдыра отырып, жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулу», – дейді ұйымдастырушылар.

Ұлан Нарынбек, Әбен Нарынбаев