Өңірлерде өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар ашылады

Республика күніне орай ел өңірлерінде әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар мәдени-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Мәселен, бір ғана Түркістан облысында 6 мектеп ашылады. Соның арқасында аймақтың 5 ауылында жалпы сыйымдылығы 3500 балаға арналған білім ошақтары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар тәулігіне 100 мың кірпіш шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. Солтүстік Қазақстан облысында қағаз өнімдерінің кәсіпорыны, құс етін өндіретін фабрика, тауарлы-сүт фермасы ашылмақ. Маңғыстау облысында шыны-пластик бұйымдар, желім өндіретін зауыт іске қосылады. Ал Қостанай облысында табиғи өрттен зардап шеккендерге арналған 91 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ өңірлерде бірқатар әкімшілік, өндірістік, тұрғын үй, медицина, ауыл шаруашылық, спорт және мәдени ойын-сауық нысаны пайдалануға беріледі.