Арал өңірінде сексеуіл өсіруге арналған тұқымбақ құру ұсынылды

Арал өңірінде сексеуіл дайындайтын тұқымбақ құрылуы мүмкін.

Мұндай ұсыныс бүгін Алматыда өткен Азия орман шарушылығы бойынша ынтымақтастық ұйымының кезекті отырысында айтылды. Былтыр Азия ұйымы Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл егу жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жобаға қолдау білдірген болатын. Келісімге сәйкес, өткен жылы 100 мың гектар жерге сексеуіл тұқымы себілді. Енді 250 мың гектар жерді қамту жоспарланған. Ол үшін сексеуіл дайындайтын тұқымбақ аса қажет, - дейді мамандар. Бұдан бөлек Азия ұйымымен бірлесіп, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы ағаштарды есептеу, орман шаруашылығындағы жұмыстарды автоматтандыру, еліміз бойынша 2 миллиард тал егу жобалары жүзеге асып жатыр. Азия орман шарушылығы бойынша ынтымақтастық ұйымының отырысы Қазақстанда тұңғыш рет өтіп отыр. Халықаралық ұйымға 17 мемлекет мүше.

Мәди Нұрпейісов, ҚР ЭГТРМ  орман шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда біз енді AFOCO-мен бірге бірлесе жоба ұсынған болатынбыз. Ол жобаның мақсаты сол Арал өңірінде жұмыстарға сексеуіл ағаштарын дайындау. Яғни сексеуіл отырғызатын, сексеуілдерді дайындау үшін тұқымбақ құрастыру. Ол бойынша жоба ұсынылды. Қазіргі таңда AFOCO тарапынан қарастырылуда. Келесі жылы жұмысты бастап кетеміз.  

Пак Ин Шик, Орман қызметі халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бас директоры/Корея/:

- AFOCO Ассамблеясы Орталық Азия аймағындағы проблемаларға назар аударуда. Атап айтқанда, Қазақстан өкілдері Арал өңірі мен орман шаруашылығындағы проблемаларды жеткізді. AFOCO ұйымы өз тәжірибесімен бөлісіп, климаттық дағдарыс мәселелерін бірлесіп шешуге тырысады.