Құтқарушылар жеңілдетілген несиемен баспана алуына болады

Еліміз бойынша 120-дан астам өрт сөндіру бөлімі жетіспейді.

Бұл төтенше жағдайларға қарсы шұғыл әрекет ету ісіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Аталған олқылықтың орнын толтыру үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен қажетті қаржы көзі қарастырылып, елімізде жыл сайын 10 өрт сөндіру бөлімі салынып жатыр. Сондай-ақ демалушылар көптеп баратын курортты аймақтардағы су айдындарының жағалауында орналасқан құтқарушылар отрядының штаты да артады. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының тұрғындарымен кездескен еліміздің төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин хабарлады. Ведомство басшысы сондай-ақ қаңтар айынан бастап, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жалақысы 43 процентке өсетінін жеткізді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қазір арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Оның қалай жүзеге асатыны жыл соңына дейін жарияланады.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бізде жұмысқа жаңадан орналасқан мамандар 108 мың теңге айлық алады. Олар мұндай жалақымен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік жобаларға қатыса алмай отыр. Сол себепті біз «Отбасы банкпен» бірлесіп, арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Соған сәйкес, төтенше жағдайлар қызметкерлері болашақта төмен пайызбен баспана ала алады.