Абай облысында шабындық жерлерді суарудың жаңа технологиясы енгізілді

Кәдеге жарата білсек, көктемгі тасқын суының да пайдасы көл-көсір. Абай облысының Көкпекті ауданында көлдетіп суару технологиясы енгізіліп, көп жылдық шөп егіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының арқасында биыл өңірде шөп бағасы біршама арзандаған. Қазір Көкпекті ауданындағы су тоспалары жөнделіп, осындай құрылғылар орнатылуда. Бұл көктемгі тасқын суын тежеп, шабындық жерлерге жіберу үшін қажет.

Қанат Шоқпанов, «Қазсушар» РМК Абай облысы  көкпекті аудандық филиалы учаскесінің бастығы:

– Көкжайық, Үлгілі малшы, Теректі, Тассай секілді 4 ауылда жайып суғаруды қолға алып отырмыз. Осы жерлерге суды реттеу үшін құрылғылар өте қажет. Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыра береміз.

Көкпекті ауданында биыл 10 мың гектарға жуық жерге көлдетіп суғару технологиясы енгізілген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 20 мың гектардан асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта биыл Көкжайық ауылындағы Ақтоған су арнасына жөндеу жүргізіліп, 200 гектар аумаққа көп жылдық шөп егілді.

Қайрат Ахметқалиев, Көкжайық ауылының әкімі:

– Келешекте шаруа қожалығы осы аумақты ұлғайтып, 2 мың гектарға дейін апармақ ойда. Көкжайық ауылдық округінде осы су арнасынан бөлек, Ворошилов, Победа арналары қарайды. Онда халықтың 8 мың гектардан артық шабындық жерлері бар. Сол жерлерге тоқтау салып, жайып суғару әдісімен халықты шөппен қамтамасыз ету керек. Өйткені соңғы екі жылда шөптің аздығынан халық қиналды.

Қолға алынған жұмыс нәтижесіз емес. Биыл ауданда шөп бағасы жылдағыдан біршама төмендеген.

Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:

– Биылдың өзінде байқадық, жайып суғаруды пайдаланғанның арқасында шөптің бағасы төмендеді. Былтыр бір тіркеме шөп 100-120 мың болған, биыл 30-40 мыңға дейін түсті. Кез келген өнімді төмен бағаға түсірудің негізгі жолы өнімді көбейту керек. Өнім көбейсе баға да түседі

Көкпекті ауданында биыл 2 жарым мың гектар аумаққа көп жылдық шөп егілген. Алдағы уақытта көлдетіп суғару технологиясы 4 ауылдық округте қолға алынбақ. Бұдан бөлек, өңірде алғаш рет жаңбырлатып суғару әдісі енгізілетін болады.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы