Павлодар қаласының іргесіндегі ауылдар көркейіп келеді

Осыдан 17 жыл бұрын мектепте небәрі 50-ден астам оқушы бар еді. Бүгінгі бала саны көбейді. Өткен жылдары балалар екі ауысымда білім алды. Себебі ғимарат тар болып қалды.  Мәселе биыл шешімін тапты. Нысан кеңейтіліп, жаңғыртылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, орталықтандырылған су құбыры тартылып жатыр. Себебі демографиялық ахуал жылдан- жылға жақсарып келеді. Мәселен, Мойылды ауылында соңғы бес жыл ішінде оқушылар саны екі есеге артқан. Осыны қаперге алған жауаптылар жергілікті мектепті кеңейтіп, күрделі жөндеу жасады.

Мұхамедәли Әбілғазинов, мектеп директоры:

Мектеп 1400 шаршы метрге кеңейтілді. Тоғыз кабинет, жаңа асхана пайда болды. Мамандандырылған сыныптар да бар. Мәселен, химия, физика, биология, ақпараттану пәндерінің сыныптары. Оқушыларға арналған орындар да көбейді.

Мойылды ауылында халық саны өсіп келеді. Жер учаскесін алу кезегінде қазірдің өзінде мыңнан астам азамат тұр. Бір сөзбен айтқанда, елдімекен дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен бірнеше көшеге асфальт төселді.

Жеңіс Әбікен, Мойылды ауылының әкімі:

– «Ауыл – ел бесігі» бойынша ауылда алты көшеге асфальт төселді. Жалпы құны 99 миллион теңгеге. Салынған асфальттің жалпы ұзындығы төрт жарым шақырым болады, яғни ауылда 14 көше бар, оның 13-не біз асфальт төседік. Бір көше ғана қалды. Оның өзінің себебі бар. Ол көшеге қиыршықтас төсеп, келесі жылға дайындап қойдық.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірнеше нысан салынды. Мәселен, ойын және жаттығу алаңдары, алып кешен де пайда болды.

Алтынбек Әубәкіров, мердігер ұйым өкілі:

– Кешен құрылысына 300 млн. теңге бөлінді. Бұл жерде оқушылар спортпен айналысады. Футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Күрес, дойбы, шахмат үйірмелері де ашылды.

Ауылда халықты алаңдатқан мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, халықтың өтініші бойынша қоқыс контейнерлері орнатылды. Енді тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, кез келген жерде қоқыс орындары болмайды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат