Алматы ауасын ластаудан автокөліктер көш бастап тұр

Алматының ауасын ластау көрсеткіші бойынша автокөліктер көш бастап тұр.

Атмосферадағы зиянды заттар көлемінің 55 пайызы көліктерден бөлінеді. Осы орайда қалада «Таза ауа» экологиялық рейді басталды. Тәртіп сақшылары мен Экология департаментінің мамандары бұл жолы дизельді автокөліктерді тексеруде.

Патрульлдік полицияның назарына түскен алғашқы көліктің бірі микроавтобус болды. Арнайы құрылғы арқылы жасалған тексеруден кейін техниканың экологиялық нормаға сай екені анықталды. Ал мынау жүк машинасы талапқа сай болмай шықты. Нақтырақ айтсақ, мотордан шыққан көмірқышқыл газы 92,9 процентті көрсетті. Бұл нормадан бір жарым есеге артық. 

Дәулеткерей Сұлтанов, жүргізуші:

- Мен жаңадан жұмысқа кіргем. Осы машинаны айдағалы бірінші рет тоқтатып тұр ғой экология. Механик қазір келеді, айттым.

Мұндай жағдайда заңды тұлғаларға 100 айлық, жеке тұлға болса 10 айлық есептік көрсеткіш  көлемде айыппұл салынады. Табиғатты қорғау прокуратурасы, Экология департаменті және полицейлермен ұйымдастырылған «Таза ауа» рейді жетінші қарашаға дейін жалғасады. Бүгін жалпы 16 техника тексеріліп, біреуіне әкімшілік айыппұл салынды. 

Ілияс Қайнарбаев, қалалық экология департаментінің бас маманы:

- Дизельді жанармаймен жүретін көліктерге арналған экологиялық талап бойынша, көлікте турбрина болса ауаны ластау көрсеткіші 50 проценттен аспауы керек. Турбнасы жоқ дизельді көліктер болса, 40 пайыздан аспауы керек.

Алматыда 600 мыңға жуық автомобиль тіркелген. Оған күн сайын өзге облыстардан келетінін қосыңыз. Экология департаменті өкілдерінің мәліметінше жылына ауаға 127 мың тонна зиянды зат бөлінеді. Соның 55 пайызы немесе 70 мың тоннасы көліктерге тиесілі. Кәсіпорындардың үлесі 46 пайыз екен. Қалған 11 мың тонна зиянды қалдық жеке сектордан бөлінеді. Сондықтан мамандар машинаның техникалық жағдайын үнемі тексеріп тұру керектігін ескертеді. 

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев