Жетісу облысында 200-ден астам дәрігер тапшы

Өңірдегі медицина мекемелерінде балалар дәрігері, анестезиолог, неанотолог, акушер-гинекологтар жетіспеушілігі  байқалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кадр тапшылығын шешу мақсатында еліміздегі медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жолдамамен келген мамандар жалдамалы пәтерлер үшін өтемақы алып, баспанамен қамтылады. Балалары балабақшаға орналастырылады. Сонда да өңірдегі маман тапшылығын түбегейлі жою мүмкін болмай тұр. Облыста барлығы 361 медицина мекемесі қызмет көрсетеді. Соның 314 – мемлекеттік, қалғаны жекеменшікте.

Арман Жансеңгіров,  облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Дәрігер тапшылығы ауылды аймақтарға қарағанда қалаларда қатты байқалуда. Талдықорған мен Текеліде 152 маман жетіспейді. Биыл облысымызға сырттан 82 дәрігер келді. Жетісу облысында жұмыс істегісі келетін жас мамандарға бірқатар әлеуметтік жеңілдік жасалатынын атап өткім келеді. Біз оларды арендалық үйлермен қамтамасыз етіп, балаларын балабақшаға орналастырып береміз. Сондықтан жас мамандарды Жетісу облысында жұмыс істеуге шақырамын.