Ақтаудағы Мұхтар Әуезов атындағы №20 мектепте мұғалімдер бөлмесі жоқ

Оқу кабинеті жетіспеушілігінен ұстаздар дәлізде отырып, балалардың сабақ үлгерімін қарайды. Қызметтік құжаттарды толтырады. Бұл аздай 1700-ге жуық бала сиятын мектепте 3300-дей оқушы 3 ауысыммен білім алады, деп хабарлайды «Хабар 24»

 Сорақысы сол,  Маңғыстау облысында  мұндай 21 мектеп бар. Өңірге сапары кезінде Президент осы мәселені көтерді. Ал жауаптылар не дейді?

Бұл – 1-қабаттағы әжетхана алды. Былтырдан бері мұғалімдер үшін қағаз толтыратын бұрышқа айналған. Балалар сабақ оқитын орын жетіспеген соң ұстаздар кабинетін босатып беріпті. Енді осы жерде 2 столға кезекпен отырып, күнделікті қызметін атқарып келеді.

Раушан Абилова, сынып жетекшісі:

- Бізде қазір мұғалімдер бөлмесі жоқ. Шығармашылық жұмыстарымыз бар, дәптер тексеру деген сияқты үрдістерді дәліз бойында, босаған кабинеттерді қарап жүріп жасаймыз. Әрине, мұның барлығы қиыншылық келтіріп жатыр. Соған қарамастан жұмысымызды жалғастырып жатырмыз.  

Кей  мұғалім дәлізге қойылған партада жұмыс құжаттарын толтырып жүр. Соның өзінде орын жетіспейді. Кезінде қосалқы шаруашылық үшін қолданылған орындар қазір оқу кабинеттеріне айналған.

Бұл бөлме кезінде мектептің қоймасы болған. Қазір 9-сыныптың 12 оқушысы осы жерде «Көркем еңбек» пәнін меңгеріп жатыр. Сыныпта тақта жоқ. Жылу жүйесі тым әлсіз. Бірақ соған қарамастан жоғары сынып оқушылары осында отыр.

Орынбасар Наурызбаев, мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Шағын аудандармен бірге, елді мекендерден де келеді. Бізге жақын орналасқан Мұнайлы ауданынан да келіп, балалар оқып жатыр. Сосын Түпқараған ауданының Тельман және Ақшұқыр елді мекендерінен де келіп оқиды. Сонда 900-ге тарта бала сырттан келіп білім алып жатыр.

Білім ұясы 28-шағын ауданда орналасқан. Оған іргелес жаңадан салынған ықшам аудандарда мектеп жоқ. Сондықтан да тұрғындар балаларын осында әкеледі. Жалпы облыста 18 білім беру мекемесінде 5 мыңнан астам оқушы үш ауысыммен оқиды. Тек Ақтаудың өзінде 8 мың балаға орын тапшы. Жауапты мамандар өңірде 2025 жылға дейін 20 мектеп салынса, мәселе біршама шешіледі дейді. 

Гүлмира Мамаева, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазірдің өзінде 4 мектеп салынып жатыр Ақтау қаласында. 2 мектеп Мұнайлы ауданында, 1200 орындық әрқайсы. Сонымен қатар, биыл Ақтау қаласында 1 мектеп ашылды. Енді жақын арада Мұнайлы ауданынан тағы бір жаңа мектеп ашылады.

Бұдан бөлек, Маңғыстауда 2 мектеп апаттық жағдайда тұр. Бірі Жаңаөзенде, ал екіншісі Бейнеу ауданы Сам ауылында орналасқан. Олардың қашан жөнделері әзірге белгісіз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев