Шымкентте Ядролық медицина орталығы ашылды

Шымкентте қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы онкологиялық дертке дауа іздеп 900-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. Ал биыл он айдың ішінде мыңнан аса азаматтың қауіпті кеселге шалдыққаны белгілі болды. Мамандар аурудың белең алуын диагноздың кеш қойылуымен байланыстырады. Өйткені бұған дейін жергілікті азаматтар тексерістен өту үшін басқа қалаға барып, үш айға дейін кезек күтетін. Өзекті мәселені шешу мақсатында шаһарда ядролық медицина орталығы ашылды. Заманауи нысан онкологиялық ауруларды ерте  анықтауға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Барлық тексеру түрлері тегін жүргізіледі. Мұндағы ПЭТ/КТ аппараты жылына 5 мың адамды толық диогностикадан өткізе алады.

Нұрлыбек Асылбеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл диагностиканы осыған дейін ПЭТ/КТ болмағаннан кейін Астана, Алматы қалаларына жіберіп отырғанбыз. Мысалы, биылғы жылдың өзінде 10 айда біз 240 адамнан астам науқасты жібергенбіз. Қазір өсім бар. Бірақ алдын ала бірінші, екінші кезеңде анықтап, тез ем жасап сол адамның жасын ұзартуға әкеліп отыр.