Үржар ауданында мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

Абай облысы Үржар ауданында кейінгі үш жылда 200-ге жуық пәтер ел игілігіне тапсырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл соңына дейін тағы 60 пәтерлі бір үйдің құрылысы бітеді. 

Көп балалы мұғалім  Мөлдір Жікібаева баспана кезегін бес жылдай  күткен. Мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үйден үш жыл бұрын пәтер алды.   

Мөлдір Жікібаева, қала тұрғыны:

- Біз пәтер жалдап, көп қиындық көрдік. Ауламызда қазір 60 және 30 пәтерлі үйлер салынып жатыр. Жақын арада беріледі деп отыр. Осындай тұрғын үйлер салына берсе деген ойдамын. Себебі пәтерде кезекте тұрған адамдар көп. Ішінде көпбалалы аналар да, мұғалімдер де, мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Үржар ауданында Мөлдір секілді үйге мұқтаж жандар аз емес. Қазір өңірде 1100 адам баспана кезегінде тұр.

Маман Еженхан, аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Ауданда соңғы үш жылда кезекке тұру жиілеп кетті. Өйткені бұған дейін тұрғын үй салынбаған кезде бар-жоғы 300-400 адам кезекте тұратын, қазір бір жарым есеге көбейді.

Баспанаға сұраныс артқан соң тұрғын үй салу да қарқын алған. Ауданда соңғы үш жылда «Бір қабатты Шығыс», «Нұрлы жер» бағдарламаларымен 164 пәтерлі үй пайдалануға берілген. Ал мына екі бесқабатты, 60 пәтерлі үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Талғат Андасов, аудандық Құрылыс бөлімінің маманы:

- Бұл үйде 25 бір бөлмелі, 27 екі бөлмелі, 8 үш бөлмелі пәтерлер бар. Құрылыс аяқталған соң заң аясында берілетін болады.

Құрылысы 2020 жылы басталған көпқабатты үйді салуға қазынадан 700 млн теңге бөлінген. Үржар ауданында келесі жылы 60 пәтерлі, Мақаншыда екі 36 пәтерлі баспана тұрғызу жоспарланып отыр. Ал Абай облысында жыл соңына дейін 337 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы