Талдықорғандағы қалалық ауруханада күрделі операциялар жасалатын болды

Жетісу облысының тұрғындары бұрын бел омыртқа, мойын омыртқа жарығы мен бас-ми жарақаттарын емдету үшін Алматы мен Астанаға баратын.

Қазір морт сынған омыртқаны ауыстыратын  операцияны  Талдықорғанда да жасайтын болды. Қалалық көпсалалы ауруханада  жас та болса, бір бөлімге бас болып  жүрген дәрігер еңбек етеді. Өзін білікті маман ретінде көрсете білген нейрохирургты көрші  облыс тұрғындары да  іздеп келетін болған.

Алматы облысындағы Талғар қаласында туып-өскен Алмас Сапарханов Асфендиаров атындағы медицина университетінің түлегі. 2005 жылы аталған жоғары оқу орнын бітіріп, Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасына хирург болып жұмысқа орналасады. Өңірде нейрохирургтар тапшы болғандықтан, ол 2012 жылы қайта мамандандырудан өтті. Бүгінде Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі болып табысты еңбек етіп жүр.

Алмас Сапарханов, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Ең ұзақ операциям 6 сағатқа созылған. Бүкіл операцияға бұл ең қиын операция деп дайындалу керек әрбір маман, нейрохирург қана емес, бүкіл хирургтар. Ең қиыны кейбір кезде жағдайлар болады, біз көмектесе алмай қаламыз науқасқа. Кеш түседі, кебір кезде өте ауыр жарақаттар болады. Сол кезде сенің көмегің тимегені өте қиын...

Алмас Әлсейітұлы бүгінде морт сынған омырқаларды титаннан жасалғанына ауыстыру және мойын омыртқасы операцияларын да сәтті жасап жүр. Ол 2013 жылы Кореяда, 2019 жылы Мюнхенде білімін жетілдірді. Бір ай бұрын Италияның Милан қаласында өткен «EuroSpine – 2022» жиынына қатысып қайтты.

Алмас Сапарханов, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Енді шетелге барған кезде көп керекті зат үйреніп келеміз. Негізі біздің медицинамыз аса қатты айырмашылығы жоқ деймін. Біздің де қолымыздан бүкіл сол кісілер жасап жүрген оталар келеді. Тек қана оснащение дейді ғой, оборудование, инструменттер. Сол болса, біздің де қолымыздан келеді. Біз негізі қалып жатқан жоқпыз шетелден.

Алмас Әлсейітұлы әріптестерінің арасында өте сыйлы. Науқастар да нейрохирург дәрігердің білімі мен біліктілігін өте жоғары бағалайды. 

Занифа Қасымқызы, емделуші:

- Алмас Алсеитович жақсы врач. Өте жақсы қарайды, өте білікті маман. Мен осы марттан бері қаралып жатырмын, позвоночнигім сынған болатын пятый. Соған цемент құйып, жақсы қарап берді.

Жансая Қасенова, нейрохирургия бөлімінің аға медбикесі:

- Ол кісі білікті маман, өз ісінің шебері. Өзінің жұмысын өте зор махаббатпен орындайды. Адамгершілігі бірінші орында ол кісінің. Қызметкерлерге, бәріне тек қана жанашырлық танытады. СКЛ. Науқас үшін ол кісі күні-түні өзінің бар білімін, жігерін, күш-қайратын салып, қызмет атқаратын мамандардың бірі.

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында болашақта эндоскопиялық операциялар да жасала бастайды.

Арман Жансеңгіров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Алмас Әлсейітұлы халықтың сүйіспеншіліне ие болған жоғары санатты дәрігерлеріміздің бірі. Алдағы жылы біз оған эндоскопиялық бейнебаған сатып алып береміз. Маман тапшылығын жою мәселесін үнемі назарда ұстап отырамыз. Облыстық ауруханаға жақында жолдамамен тағы бір жас нейрохирург келеді. Ол қазір сонда тәжірибеден өтіп жатыр.

Алмас Әлсейітұлының арманы Талдықорғаннан нейрохирургия орталығы ашылғанын көру және медицина саласын дамытуға барынша атсалысып, шәкірт тәрбиелеу. Өйткені қазір Талдықорған қаласында 5-ақ нейрохирург бар. Олар санитарлық авиация арқылы Жетісу және Алматы облысының барлық аудандарына барып, қызмет көрсетіп жүр. Өйткені аудандық ауруханаларда бірде бір нейрохирург дәрігер жоқ...

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов