Сырбойылық әжелер ұлттық өнер мен салт-дәстүрді насихаттап жүр

Сырдария ауданы, Бесарық ауылында 15 жыл бұрын құрылған  «Жаншуақты әжелер» ансамблі үлкен ұжымға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық әндерінің қаймағын бұзбай шырқайтын фольклорлық құрам отандық сазгерлердің де туындыларын  орындайды. Ән айтса жасарып, жадырап қалатын қариялар елдің еркіндігі ұлттық өнерде,- дейді.  Әжелер ансамблі жақында халықтық атауын иеленді.  

100 мектеп, 100 аурухана мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс бойынша алғашқы білім ордасы Бесарық ауылында бой көтерді. Сол алтын ұя мектептің ашылуында «Балапан қаз» әнін шырқаған «Жаншуақты әжелер» ансамблінің де тұсауы кесілді. Содан бері 3 тілде өлең айтатын топ рухани ғибратын өскелең ұрпаққа сіңіріп келеді. Ансамбль «Елімнің жүрегі, Елорда» республикалық байқауында бас жүлде иеленіп, аймақ мерейін үстем етті.     

Оразкүл Ахметова, ансамбль жетекшісі:

- Әлемді қиналысқа ұшыратқан пандемия кезінде де әжелер қарап отырған жоқ. Егістік даласына барып, диқандарға, механизаторларға әдемі ән шашу арнап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олардың еңбегіне табыс тіледі. Оларға намысын жаныды, еңбекке әндермен құлшындырды. Сол пандемия кезінде біз онлайн концерт беріп жүрдік.

Жаһанды індет жайлаған уақытта ансамбльдегі 7 әжей бақилық болды. Қазір олардың орнын жаңа зейнеткерлер толтырған. 40 шақты халық әнін жаңғыртып жүрген 12 әжейдің үлкені 75, ал ең жасы 58-ге келіп отыр. 2007 жылы құрылған бастапқы құрамнан 4 өнерпаз қалды.  Соның бірі – Жұмакүл Әбжекенова барлық мехнат, талпынысымыз ұлттық өнердің отын өшірмеу,- дейді.  

Жұмакүл Әбжекенова, ансамбль мүшесі:

- Зейнеткерлер деген әніміз бар гимніміз сияқты. Сонда жасап жүрміз жастарға тәлімгерлік деген. Құрт, ірімшік, барлығын тіпті киімді де өзіміз тіккенбіз. Ынта-жігер арқасында бәрін өзіміз жасадық. Келіндеріміз, немерелер бізден тәлім-тәрбие алып, соны ары қарай жалғастырады деген ойдамын.

Көпті көрген шежірелі әжелер өнерді өрге сүйреумен қатар, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып келеді. Ән айта жүріп, құрақ көрпе, сырмақ тігіп, кілем тоқып, құрым киіз басатын ісмер әжелер әдет-ғұрыптың жанданғанына марқаяды.  

Ақтұрсын Ширанова, ансамбль мүшесі:

- Бұрын ата-бабамыз түйе жүнінен шекпен, шапан тоқыған. Атқа мінгенде боранда суыққа тоңбасын деп әжелеріміз киіммен қамтамасыз еткен. Ал енді қойдың жүнінен болса түрлі өрнек, кілем тоқылады. Қараша үйдің бүкіл баулары қойдың жүнінен жасалады. Соны бояп, түтіп, киіз үйдің құралдарының бәрін сол қой жүнінен дайындаған кезінде. 

Ұлттық құндылық пен халықтық педагогиканың алтын сандығы саналатын ғазиз әжелер өнегесін қазір ауыл келіндері  жалғастырып кеткен.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев