Ақтөбе облысында аудан орталығында 39 үй салынып жатыр

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында қос пәтерлі 39 үйдің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Өз үйің, өлең төсегің»... Баспаналы болсам, дейтін жұрт көп. Мемлекетте құрылысты жеделдете бастады.

78 отбасы баспаналы болмақ. Қазір осы үйге мұқтаж бірқатар адам қоныс тойын асыға күтіп отыр.

Жазира Лұқманова ұзақ жылдан бері баспаналы болуды армандап жүрген көп балалы ана. Жолдасы екеуінің бес баланы жетектеп пәтер жалдап жүргеніне біраз жыл болған. Ал, отбасының жалпы табысы күнделікті қажеттіліктен ауыса бермейді.

Жазира Лұқманова, Мәртөк ауданының тұрғыны:

- Квартирада тұру оңай емес, оған да бірталай қаражат керек. Армандамыз бәріміз де үй алуға. Көп балалыға осындай бір жақсы көмек берсе деген ойда жүрміз. Хабар алып тұрмыз. Бұйырса болады деген бір нәтиже де күтеміз.

Мәртөк ауданы бойынша баспана кезегінде 637 адам тұр. Оларды үймен қамту үшін қазірдің өзінде екі пәтерлі 39 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл мұқтаж жандардың мәселесін шешуде атқарылып жатқан өлкедегі ең ірі жобалардың бірі. Жоспар бойынша коммуналдық-жалдамалы үйлер келер жылдың жазында толық салынып, бітуі тиіс. Сол кезде ондаған отбасы қоныс тойын өткізбек.    

Эльвира Еденова, аудандық Құрылыс және сәулет бөлімі басшысының міндетін атқарушы

- Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 536 млн теңгеден асады. Құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген кезде аудан бойынша үй кезегінде тұрған 78 отбасына берілмек. Олардың арасында көп балалы аналар, мемлекеттік қызметкерлер және тағы басқа санаттағыларға табыс етіледі.

Мамандардың айтуынша, бұл есепте тұрған жандарды толық қамти алмайды. Сондықтан аудан билігі алдағы уақытта тағы да үйлер салуды көздеп отыр. Жобаларын тиісті ұйымдарға жолдаған. 

Жандос Қаржауов, аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы:

- Қазір үш қабатты екі үйдің жобалық сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Ол сараптамадан өткен соң, бюджеттен қаржы бөлуге өтініш жолдаймыз. Үйлер салынатын жер телімдері дайын.

Өлкеде тұрғын үйге сұраныстың жоғары  байқалады. Бұл өз кезегінде құрылыс саласының қарқын алуына септігін тигізген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев