ШҚО-да жолда қалып, құтқарушылар көмегіне жүгінгендер көп болды

Алты ай қыс басталды. Кешелі бері біраз өңірде жауған қар күндіз еріп, түнде қатып, біраз әбігер туғызды.

Ал Шығыс Қазақстанда жаяулар омбылап, көліктер қар басып жатыр.

Төтенше жағдай қызметі алдын ала ескерту берілсе де, тәуекел етіп жолға шығып, далада қалып қойғандарды құтқарып әлек.

Қалың қарға кептеліп, жолда қалып көмекке жүгінгендер көбейді. Алдымен Глубокое ауданында діттеген жеріне жете алмай қалған ерлі-зайыптылар құтқарылды. Ал Ұлан ауданында Уаз көлігімен жолға шығып хабарсыз кеткен азамат бірнеше сағат дегенде әрең табылды.Көлігін омбы қар басып қалыпты. Тұрғындар күн райының бұзылатыны туралы ескертуді елемеген.

Жадыра  Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД бас маманы:

- Осы демалыс күндері  ШҚО құтқарушылары тұрғындарға осы өңірде болатын дауылды ескерту туралы хабарлаған болатын. Қалың қардың жаууы, желдің соғуы, көктайғақ болуы туралы ауа райы болжамын алдын ала ескерткен. Осы жағдайға қарамастан кейбір осы ескертулерді немққрайлы қарайтын азаматтар жолға шығып соның салдарынан жолда қалып қойған оқиғалар болды.

Күре жолдардың үсті де құбылған күнге дайын емес екен. Жауапты мердігер компания өкілдері жолдағы қарды тазалау, құм себу сынды шаруаларға салғырттық танытқан. Әсіресе құз шетімен созылған ирелең жолы көп Өскемен - Алтай - Рахман бұлақтары бағыттарында көктайғаққа қарсы инертті материал аз.

Дастан Ракежанов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ШҚО филиалының инженері:

- Автожолдағы ең қауіпті деген бұрылыстарда құм өте аз себілген.Жол апатының алдын алу үшін инертті материал жеткілікті болуы керек. Су өткізетін құбырлар да қараусыз қалған.

Полиция қызметкерлері де жолдағы жағдай мәз емес дейді. Қар басқан Өскемен- Алтай, Өскемен-Риддер,Өскемен- Шемонайха трассаларынан 40 тан аса кемшілік анықталды.Бір жерде тиісті белгі қойылмаса,енді бір жерде қоршау жоқ.

Еркін Әнуарбеков, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығы: 

- Әкімшілік полиция басқармасының жол техникалық инспекциясының қызметкерлері осы облыстық республикалық маңызы бар жолдарда тексерулер жүргізіп, 4 әкімшілік хаттама толтырылды заңды тұлғаларға және 19 тексеру жүргізілді. Осының бәрі жол-көлік оқиғасын төмендетуге бағытталған.

Ертең облыста  боран соғуы ықтимал. Сондықтан тағы да дауылды ескерту жарияланды. Құтқарушылар өңір тұрғындарын сақтыққа шақырады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов