Ақтөбе облысында аудандық жолдар жөнделді

Ақтөбе облысындағы Қобда ауданына қарасты Иманғали Білтабанов ауылына жол салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – қатынасы қиындап, ауа райы жайсыз шақта байланыс үзілетін ауыл халқы үшін көптен күткен жаңалық. Тұрғындардың арнамызға айтқан арыз-шағымына жергілікті билік құлақ асып, кеңестік кезеңнен жөндеу көрмеген жолға асфальт төсеген. Жалпы аудан жолдарын жөндеуге биыл 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Биылғы көктемді Иманғали Білтабанов ауылы тұрғындары ұмытпасы анық. Жарты жыл бұрынғы жолдың сиқы осы болатын. Кеңестік кезеңде төселген көтерме жолдың аты ғана қалып, көктем мен күзде қатынас мұңға айналып келген. Күн жылып, жер кепкеннен жұмыс қызып, 14 шақырымға асфальт төселді. Аудан орталығына қатынау азабын артта қалды.

Архимед Досқалиев, ауыл тұрғыны:

- Жаңа ғана Қобдадан келіп тұрмын. Бұрынғы кезде ауылмен екі ортада 30-40 минуттай жүретін болсақ, қазірі уақытта аудан орталығына он минутта жетіп отырмыз. Жол өте жақсы салынған.

Жалпы ауданда биыл 13 жоба жүзеге асырылып, 4 елді мекеннің кіре беріс тұсы жөнделген. Аудандық маңызы бар бағыттармен қатар елді мекеннің көшелері де ретке келтіріліп жатыр. Бұл мақсатта 2 млрд 95 млн теңге қаржы бөлінді.

Кенжебек Есет, Қобда аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Сараптама қорытындысы барлығында бар. Тек екі жолдың қорытындысы күтіп отырмыз бүгінгі күні. Барлығы тапсырып, оң қорытынды алып отыр. Бүгінде тек жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысандар толықтай пайдалануға тапсырылды.

700-ден астам тұрғыны бар Иманғали Білтабанов ауылында келер жылы тағы бір көше жөнделуі тиіс. Жаяу жүргінші жолы мен жарықтандырудың да жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Шамамен 100 млн теңге қаржы қажет.

Болат Кулов, Қобда ауданының әкімі:

- Бестау ауылына баратын жол 13,1 шақырым, Терісаққан ауылына баратын жол 8 шақырым, Білтабанов ауылына баратын 14 шақырым жол және Бегалыға кіреберіс 2 шақырым жол. 4 елді мекенге баратын кірме жолды жөндеп алдық.   Келесі жылға тағы да осындай 4 елді мекеннің кірме жолының жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қойдық.

Қобда ауданындағы жергілікті маңызы бар жолдарының ұзындығы 203 шақырым. Қазір оның 38 проценті қанағаттанарлық жағдайда. Келер жылы бұл көрсеткішті 51% жеткізу жоспарланған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов