Талдықорғанда жеделсатыларды ауыстыруға бөлінген қаржы игерілмеген

Талдықорғанда жеделсатыларды жаңалауға бөлінген 300 млн теңге әлі күнге дейін игерілмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл болса аяқталайын деп қалды. Көпқабатты үй тұрғындары мен басқарушы компания өкілдері жеделсатыны арзан бағаға ауыстырып беретін компания тапқанымен, тапсырыс беруші тарап бұл жобаға өзіне ыңғайлы мердігерді тықпалап әлек. «Ары тарт та, бері тарт» деп жүргенде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бөлінген қомақты қаржы игерілмей, тұрғындар жаңа жеделсатысыз қалуы мүмкін.

Талдықорғандағы мына 9 қабатты үйдің жеделсатысы істен шықаннына 2,5 ай болды. Содан бері тұрғындар өз пәтерлеріне жаяу көтеріліп, түсуге мәжбүр. Тіпті егде жастағы адамдар сыртқа шығудан қалған.

Айнұр Кәрімова, қала тұрғыны:

- Біздің жеделсаты істемегелі 2,5 айдан асып кетті. Үлкен кісілер түсіп, шыға алмайды. Біз 9-қабатта тұрамыз. Көршімнің аяғы ауыр. Ол кісі де түспейді. Өзіміз әрең түсіп, шығамыз. Соны қалай істеуге болады?

Тұрғындар басқарушы компания өкілдерімен бірлесіп, жеделсаты ауыстыратын мердігерді де тауып қойған. Олар әр жеделсатыны 10 млн 300 мың теңгеден орнатуға келісім берген. Бірақ тапсырыс беруші тараптың операторы өзіне ыңғайлы мердігерді тауып, жұмыс істеп жатыр. Олар бір жеделсатыны 14 млн 800 мың теңгеге ауыстырады. Ол қаржыны кейін өздері өтейтіндіктен, тұрғындар бұған келіспей отыр. Басқарушы компания өкілдері де қарсы.

Гүлмира Байғұтдинова, басқарушы компания басшысы:

- Бағасы өте қымбат болғандықтан, үзілді-кесілді бас тарттық. Олар 5 үймен келісімшарт жасасып, жұмыс істеп жатыр. Осы әрекеті арқылы бізді қымбат бағаға жеделсаты орнатуға мәжбүрлеп отыр. Оған көнбейміз! 16 желтоқсанда бюджет жабылады. Құжаттарды рәсімдеп, тұрғын үйге жаңа жеделсаты орату жұмыстарын жүзеге асыруымыз үшін бір-ақ ай уақытымыз қалды. Сондықтан бізге көмектесулеріңізді сұраймыз.

Талдықорған қаласы бойынша барлығы 167 жеделсаты бар. Соның 27-нің 25 жылдық пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Тапсырыс беруші бұл арада тұрғындардікі дұрыс әрекет екенін айтып отыр. Олар оператормен тағы бір мәрте түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.

Айдос Жақыпбек, қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Таңдау халықта. Тұрғындар қандай жеделсаты қоямын, кіммен жұмыс істеймін десе, сол кісілер өздері біледі. Бұл жерде ешқандай мәжбүрлеу жоқ. Сол үшін біз әлі де кездесеміз. Бүгінгі таңда бізде 10 келісімшарт бар. Тағы 10 келісімшарт жасалу үстінде. Жасалмаған жағдайда ақша кері қайтадан бюджетке қайтатын болады.

Тұрғынүй инспекциясындағылар қаладағы ескірген жеделсатылардың міндетті түрде ауыстырылатынын жеткізді. «Биыл үлгермесек, келесі жылға бюджеттен тағы ақша сұратамыз. Өйткені пайдалану мерзімі өтіп кеткен жеделсатыларды қолдану өте қауіпті», – дейді олар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов