Елде 20 қараша күні төңкеріс жасамақ болғандар ұсталды

Елде 20 қараша күні төңкеріс жасамақ болғандар ұсталды

Қасіретті қаңтарды қайталамақ болды. Жыл басында арам ойы іске аспағандар елде ойран салу туралы ойынан айнымаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Міне, пәтерге жиналған топ сайлау болатын күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті наурыз айында Мұхтар Әблязов пен Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйым белсенділеріне көзқарасы ұқсас азаматтар арасында бақылау жүргізген.

Сол кезде осы күдікті топтың ізіне түсті. Олар бірнеше ай бойы билікті күшпен басып алу жолдарын қарастырды. Әуелі әкімдіктерге шабуылдап, бұқаралық ақпарат құралдарын өзіне қарату, және көшелерді жауып, көлік қозғалысын тоқтатуды жоспарлаған.

Арам ойды іске асыру үшін қылмыстық топ ауыр техника, қару-жарақ, снайперлерді қолданбақ болған. Сондай-ақ соңына ілескен жұртқа таратып, құқық қорғаушыларға қарсылық көрсету үшін бірнеше жәшік жанғыш зат, «Молотов коктейльдерін» дайындап, жасырып отырған.

Қылмыстық топ ең әуелі Алматыны кейін, өзге қалалардың орталығын отқа орап, басып алуды көздеген. Кейін ауыр техникамен Ақордаға шабуылдамақ болған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда қастандықты президент сайлауы өтетін күні жасамақ болған.

Олар Алматыдағы інінен ұсталды. Тінту кезінде дәлел заттар мен қылмыс құралдары тәркіленді. Күдікті жеті адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу басталды.