Мұнайшылар өз таңдауын жасады – Атырау облысы

Атырау облысындағы мұнай-газ кен орындарында 37 мыңға тарта адам еңбек вахтасында жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Теңіз», «Қашаған» кен алаңдары мен «Болашақ» мұнай дайындау зауытындағы жұмыс ырғағын бұзбау үшін мұндағы сайлаушыларға көшпелі сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің дауыс беруін қамтамсыз етуге 44 сайлау учаскесі жұмылдырылған. «Теңіз» кен алаңындағы 14 мыңға жуық жұмысшының тең жартысы түске дейін-ақ өз таңдауын жасады. Сондай-ақ Каспий қайраңындағы мұнайшылар да бүгін дауыс берді. 

Алтынбек Құлмұратов, мұнайшы:

Өзімнің компаниям көлікпен алып келді. Осы жергілікті жердегі сайлау учаскесіне келіп, өзімнің азаматтық даусымды беріп келдім. Бәрі де өте жоғары деңгейде болып жатыр. Өзім де жұмыстастарым да келіп, Қазақстанның Президентін таңдауға өз дауыстарын берді.

Азамат Айманакумов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

 Ауа райының қолайсыздығына байланысты су транспорты пайдаланылып отыр. Қазіргі уақытта «Қашаған» кен орнындағы тізімге енген өз өтініштеріне сәйкес 286 сайлаушы енгізілді. Осы дауыстарды алуды ұйымдастыруды біз Атырау уақытымен 17.00 аяқтаймыз.