Жоғары оқу орнының радио эфирі де тек қазақ тілінде өтеді – Павлодар облысы

Павлодарлық жастар қатарластарының арасында қазақ тілді орта қалыптастырудың тиімді жолын тапты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жергілікті университеттің бір топ студенті аптаның бір күнін мемлекеттік тіл күні етіп бекітіп, жұртшылықты тек қазақша сөйлеуге шақырады. Жоғары оқу орнының радио эфирі де тек қазақ тілінде өтеді. Идея авторларының айтуынша, жаңашыл жоба жемісін беріп келеді. Тақырыпты тілшіміз Ақмарал Есімханова тарқатады.

Бұл жоғары оқу орнында шетелден келіп, білім алып жүрген студенттер жетерлік. Олардың көбі қазақ мәдениеті мен тіліне қызығушылық танытып жатады. Осыны қаперге алған жастар қазақ тілін оқығысы келетіндерге барынша көмектесіп жүр.

Тоғжан Мұңайдарова, Торайғыров университетінің студенті:

- Біз қазақша сөйлеп немесе қазақша музыка туралы айтып, экскурсия жасап, солай көмектемесіз. Шетелден келген студенттермен, біз олармен, әрине, біріншіден, ағылшынша сөйлейміз, бізді түсіну үшін. Мен, мысалы, шетел филологиясында оқып, олармен сөйлесе аламын.

Шығармашыл жастар аптаның  бір күнін мемлекеттік тіл күні етіп жариялады. Мақсат – қазақ тілді ортаны қалыптастыруға атсалысу және тілді меңгеру. Олардың қатарында мұнай-газ мамандығының студенті Александра Красильникова да бар. Болашақ мұнайшы ағылшын және орыс тілін жетік меңгерген. Ендігі мақсаты – қазақ тілінде еркін сөйлеу.

Мемлекеттік тіл күні университет радиосы тек қазақша хабар таратады. Александра Красильникова қатарластарымен бірге музыка, өнер тақырыбында қазақша бағдарлама әзірлеп, өзі жүргізеді.

Александра Красильникова, Торайғыров университетінің студенті:

- Қазақ тілі күні «Мемлекеттік тіл – мәртебем» деп аталады. Бағдарламалар тек қазақша өтеді, қазақ тіліндегі музыка да қоямыз. Мәтін жазған кезде сөздік қорымды молайтамын. Грамматика,  лексика тереңнен зерттеймін. Бұл әдістің тиімділігі мол. Әрине, қазір сөздіктің көмегіне жүгінемін. Бұл уақытша деген ойдамын.

Студенттік радио тәулігіне 10 сағат жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында қазақ, ағылшын және орыс және қазақ тілдерінде хабар таратылады. Барлығын студенттер өздері әзірлейді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат