Зайсан ауданының тұрғыны емдік қасиеті мол қара сабын жасау дәстүрін қайта жаңғыртты

Қазақтың байырғы қара сабынының емдік қасиеті мол. Зайсан ауданының Қайнар ауылында тұратын қандастарымыз халқымыздың ұмыт бола бастаған сақар жасау дәстүрін қайта жаңғыртты, деп хабарлайды «Хабар 24».  

 Алыстан келген ағайындарымыздың айтуынша, қолдан жасалған сабын, кірді ғана кетірмейді, сыздауық, қотыр секілді теру ауруларына таптырмас шипа.

Сабын дайындауға бір қарағанда арам шөп секілді көрінетін алаботаны пайдаланады. Қара сабын әзірлеу процесі шөпті жағудан басталады. Одан қалған күлді қазанға салып қайнатып, сары суын алады. 

Айдархан Сәдуақас, ауыл тұрғыны:

- Сол сарысу таңертең тұнытып, күлді алып тастап, таза сумен қайнатамыз. 2-3 сағат қайнағаннан кейін өзі суалады. Ең соңында ақ ұнтақ қалады. Соны құрғатып аламыз. Бір қазан қайнатқанда жиырма шыныдай шығады.

Қазанда жақсылап қайнатылған қара сабын осындай қалыппен құйылады. Бұған шамамен бір сағаттай уақыт жұмсалады. 

Бұл ақ ұнтақ сақар деп аталады. Сақарды майға қайнатсаңыз қара сабын дайын болады. Осыдан он шақты жыл бұрын Қытайдан атамекенге оралған Бибәтима Ыбырайханқызы сабын жасауды 17 жасында анасынан үйренгенін айтады.

Бибәтима Ыбырайханқызы, ауыл тұрғыны:

- Біз келгелі 15 жылға таяп қалды. Содан бері істеп келе жатырмыз. Қотыр, секпіл, бастың қышуына, шаштың түсуіне жол бермейді. Жаңа туған сәбиді шетпе қылмайды. Адамда ілме деген болады. Баланың ыстығы көтерілгенде еңбегі мен өкпесіне жақса дереу жұлып алады бұл. Әсіресе шопырлар көп алады. Қолдың майын жақсы кетіреді деп.

 Ерлі-зайыптылар бір істегенде сабынның 100 данасын дайындайды. Бір данасы – мың теңге. Шалғайдағы Зайсан ауданында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген қандастарымыз жасаған дүниеге сұраныс жақсы. Тіпті Астана мен Алматыдан аттай қалап, тапсырыс беріп алдыратындар да бар. Ыбырайхан ақсақал мен Бибәтима апа қазір бабадан қалған бағлан өнерді немерелеріне үйретіп жүр.

Сондай-ақ...