Абай облысында грант алып, кәсіп ашқан тұрғындардың қатары көбейген

Абай облысының Үржар ауданында мемлекеттен грант алып, кәсіп ашқан тұрғындардың қатары көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайтарымсыз несиемен несібесін еселегендердің арасында жастар да аз емес. Ағаштан түрлі бұйымдар қиып жасайтын Әбілмансұр Қанашев өңірдегі ең жас кәсіпкердің бірі атанып отыр.

23 жастағы Әбілмансұр сыйлық ретінде берілетін естелік бұйымдар мен күнделікті тіршілікте қолданылатын заттарды ағаштан қиып жасайды. Қазір алғашқы кездегідей емес, алушыға ұсынар дүниелерінің саны да, сапасы да артқан. Ал шебердің бұл кәсіпке келуі де қызық.

Әбілмансұр Қанашев, шебер

- Алдымен бұл ой маған әскерде жүргенде келді. Біз түзеу мекемесін күзеткен болатынбыз. Сол кезде қарапайым халық сотталған азаматтардан ағаштан жасалған әртүрлі бұйымдарды келіп, сатып алатын. Сол кезде ой түйдім.

Әскерде ойға алған істі ауылға келген соң бірден қолға алды. 2020 жылы мемлекеттің 555 мың теңге қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, керек-жарағын қамдап, кәсібін бастады. Әбілмансұр биыл «Бизнестің жол картасы»бағдарламасымен 3 миллион теңгеніңинновациялық грантын ұтып, шеберханасын қажетті құрылғылармен жабдықтапты. Керек-жарағы түгелденген соң ісі де ілгері басқан, тұрақты тұтынушылары да көбейген.

Гүлсара Жанұзақова, ауыл тұрғыны

- Әбілмансұрды бала кезінен білеміз. Қазіргі күні өзіне мақсат қойып, кәсіп ашып, неше түрлі бұйымдар жасайды. Өзім де бірнешеуін алдым. Мысалы, ет табақ, тиын салғыш, шағын сандықша.

Аудандық жұмыс қамту орталығы мамандарының айтуынша, Үржарда мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант көмегімен кәсібін ашқан азаматтардың қатары артқан. 

Гүлбақыт Шауқарова, Үржар аудандық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі:

- Аудан бойынша биыл 107 мемлекеттік грант беру жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 55 грант берілді. Жыл соңына дейін 52 грант беріледі.Ауданымызда ауыл шаруашылығы жақсы дамығандықтан басымдық осы салаға беріледі. 36 грант ірі қара, ұсақ малын алуға, 1 грант құс шаруашылығына берілді. Шаштараз ашуға да берілді.

Жылдан жылға кәсібін кеңейтіп, табысын арттырып, шеберлігін шыңдап келе жатқан жас кәсіпкер қазір цех жанынан тағы бір ғимараттың қабырғасын көтеріп жатыр. Әбілмансұрдың ендігі арманы – әлеуметтік кәсіпорын ашып, мүгедек жандарды жұмыспен қамту.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы