Мемлекетке 3 млн гектардан астам жер қайтарылды

«Жер аманаты» комиссиясының араласуымен 3 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұл туралы «Аманат» партиясында өткен жиында айтылды. Комиссияның «жедел желісіне» осы уақытқа дейін тұрғындардан 2,5 мыңнан аса өтініш түскен. Оның барлығын қарауға әкімдіктер және жауапты министрліктерде қатысты. Енді мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің халыққа әділ бөлінуі қатаң бақыланады. Ал жерді заңсыз бөлген лауазымды тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылады. Комиссия отырысында жайылым тапшылығы бар елді мекендер мен қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі сақталатын интерактивті  карта әзірлеу керектігі туралы ұсыныс айтылды.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- Былтыр Президент игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып алу туралы Үкімет пен Бас прокуратураға арнайы тапсырма берген болатын. Бұл жұмысқа «AMANAT» партиясының жанынан құрылған осы біздің «Жер аманаты» комиссиясы да белсенді ат салысып келеді. Мәселен, бүгінде еліміз бойынша 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның нақты 3 млн гектары «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен іске асты.