Келес ауданындағы 2 ауылдың тұрғындары 30 жылдан бері ауызсуға зар болып отыр

Келес ауданындағы 2 ауылдың тұрғындары 30 жылдан бері ауызсуға зар болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Қазынадан 900 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген де екен. Бірақ геологтар көрсеткен жерден су шықпаған.

Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол мен Қауыншы елді мекенінде алты мыңнан аса халық тұрады. Әбден ауыз судан тарыққандар мердігердің жауапсыз жұмысына наразы. «Өйткені жыл басында қазылған көшелерде жөндеу қайта басталған. Енді ауыл арасы лай-батпаққа айналып, жүруден қалдық», - дейді. 

Зора Сұлтанбекова, ауыл тұрғыны:

 – Көшелеріміздің бәрін кашасын шығарып кетті. Ол жерге мал да түсіп жатыр, адам да, машина да түсіп жатыр. Қазған жерлерін жөндеп бекітпейді бұлар. Төбе-төбе, лай-лай, шұқыр-шұқыр қылып кеткен бәрін.

«Ұңғыма қазу жұмыстары өткен жылы басталған. Бюджеттен бөлінген қаржының 700 млн теңгесі игерілді. Бірақ жер асты су қоры жеткіліксіз болып шықты. Өйткені 7 жыл бұрын берілген геологиялық зерттеу сараптамасы ескірген»,- дейді жұрт.

Гаухар Жораева, ауыл тұрғыны:

 –біз айтқанбыз, бұл жерден су шықпайды. Суларыңызды қазыңыздар, сосын біздің көшемізді бүлдіріңдер деп. Одан кейін қазыңдар, біз шыдаймыз дедім, су шықса. Бірақ бізге бірде-бір ожау су көрсеткен жоқ.

«Бұған дейінгі бұрғылау жұмыстарында 50 метр тереңдіктен су көзі табылмады. Сондықтан мердігерлер қайта талдау жасатып, 800 метрге дейін жер астын бұрғылаған. Су қоры табылғанда көшеге тартылған инфрақұрылымдық жүйені жөндеуге кірістік», - дейді.

Марат Әбітаев, Мердігер компанияның өкілі:

- Су 40 метрден шыққан су дебеті аз болып қалды. Ауылға су жетпейтін болды. Сол себепті жұмыс тоқтатылды. Мына ауыл мен арғы ауылда. Тек қана ұңғыма қазуға кірістік. Суға біз көзімізді жеткізіп алып, ауылға су жететін болғаннан кейін барып, күз айында жұмысты бастады.

«Жобаға тапсырыс беруші мекеме жұмысты мерзімінен кешіктірген компанияға тиісті шара көрілетінін жеткізді. Тірлікті тұралатпау үшін мердігердің ісін бақылауда ұстап отырмыз», - дейді.

Бақытжан Шырынбеков, Келес ауданы ТҮКШ бөлімі басшысының міндетті атқарушысы:

– Желтоқсан айында біз қабылдау жұмыстарын жүргізбейміз. Себебі құрылыс-монтаж жұмыстары кешігуде. Ол бойынша біз желтоқсан айында талап-арыз ұсынатын боламыз. Ол талап арызда айыппұл салынады.

Тұрғындар бүлінген көшелерді қалпына келтіріп, жөндеу жүргізіп берсін деп талап қойды. Ал жеті жылдан бері жетпеген су, жыл басында беріледі дегенге күмәнмен қарап отыр. Өйткені қарашада берілуі тиіс тіршілік нәрі тағы да кешеуілдеді.

Сондай-ақ...