Түркістан облысында заманауи емхана ашылды

Түркістан облысы Сайрам ауданының Манкент ауылында заманауи емхана ашылды, , деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының ауылдық жердегі медицинаны дамыту жөніндегі тапсырмасына орай іске қосылған клиникалық орталық 15 мың адамға қызмет көрсетеді. Жаңа емханада қандай бөлімдер ашылады? Күрделі операциялар жасала ма?

«Манкент медицина орталығының» құрылысы 2020 жылы басталып, биыл толық аяқталды. 3 қабатты жаңа нысан жақында іске қосылады. Жоба құны 1 млрд теңге. Заманауи емхана соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бір мезетте 250 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау болды.

Мирахмет Дауранов, Манкент ауылының тұрғыны:

- Бізде кішкентай бір амбуллатория болған. Барлығы соған баратын. Кейбірі Алматы, Жабмыл, Шымкент қалаларына бары емделетін. Бізге осындай медициналық орталық салып бергеніне рахмет. Керемет болды. Алысымыз жақын болды.

Мұнда 120 жаңа жұмыс орны ашылады. Білікті дәрігерлер Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан және Өзбекстан мен Ресейден келген. Қазір 12 дәрігер болса, тағы 4-уі Өзбекстаннан келмек. Емханада қабылдау, терапия, хирургия, реанимация, қарқынды ем, операция, физиотерапия, сондай-ақ оңалту, клиникалық және сәулелі диагностика бөлімдері жұмыс істейді. Мамандар балалар хирургиясына да ерекше мән берілетінін айтады. Күрделі операциялар да осында жасалмақ.

Махмұт Рысқұлұлы, Манкент медицина орталығының бас дәрігері:

- Мұнда балалар хирург дәрігері осы уақытқа дейін болмаған. Осы мәселені шешу мақсатында ауданда балалар хирургиясы қызметін жолға қоюға дайынбыз. Жаңа жылдан бастап, лапароскопиялық түрде жасалатын барлық операцияларды бізде жасауға мүмкіншілік болады. Урологиялық, балалар хирургиясындағы операциялар және абдоминальды, торакальды операциялардың барлық түрі осында лапароскопиялық түрде жасалады.

Бұдан бөлек, Астана мен Алматы және Шымкент қалаларында ғана жасалатын зертханалық қиын талдаулар енді осында жасалады. Мамандардың айтуынша, нәтижесі 1 күнде дайын болады. Ал басқа сараптамалардың қорытындысы 1 сағатта шығады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов