Екібастұз жылу орталығында неше қазандық жұмыс істеп тұр?

Екібастұздағы коммуналдық апаттың салдарын жоюға 300 маман жұмылдырылған.

Қалпына келтіру жұмыстары қаланың бірнеше көшесінде жүріп жатыр. Қазір жылу энергоорталығында 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Апат салдарын жою жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдің жіті бақылауында. Ол Үкімет басшысының тапсырмасымен сонда барған. 

Осыдан тура бір апта бұрын Екібастұздағы жылу электр орталығынан ақау шығып, тозығы жеткен құбырлар бірінен соң бірі жарылған еді. Тұрғындар сол күнді үреймен еске алады.        

Светлана Гольц, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Алты батареяның төртеуі жарылып кетті. Қазіргі жағдайымыз осы. Киіммен ұйықтаймыз. Жылытқыш құралды қосайық десек жарық сөніп қала береді. Үйіміз үлкен болғандықтан, бірден жылынып кетпейді.

 Қаладағы Мәшһүр Жүсіп, Бауыржан Момышұлы, Сәтбаев, Шешембеков көшелеріндегі көп қабатты үйлер жылудан ажырап қалды. Құбырдан аққан ыстық судан жертөлелер толып,  кәріз жүйелері істен шықты.Қазір қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Қарапайым тұрғындар да бұл іске білек сыбана кіріскен.  

Нұрбол Сәбденбеков, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Жалпы жағдай қазіргі әлі өзгеріс жоқ. Жылу берген жоқ. Бұл жерде жаңа ТЭЦ-тің жұмыскерлерінен көмек болған жоқ. КСК-дан да көмек болған жоқ. Енді бір көмек келіп жатыр кеше сағат кешкі 6 шамасында. Қаланың ГРЭС-2 қызметкерлерін бізге көмекке жіберді. Қазір сол кісілердің көмегімен жаңағы қатып қалған трубаларды жылытып тұрғындармен бірге.

Коммуналдық апатқа байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Жылу жүйесін ретке келтіруге жан-жақтан көмек келді. Қазір қалада 35 бригада, 300-ге тарта адам апат салдарын жоюмен айналысып жатыр. Қарашаның 27-нен бері кеншілер шаһарында 48 көппәтерлі үй мен 18 жекеменшік тұрғын үйде жылу қалпына келтірілді. Бастапқыда 149 үй жылудан ажырап қалған еді. Қазіргі кезде 28 көпқабатты үй, 3 білім беру мекемесі және 1 әкімшілік ғимарат жылусыз отыр. 

Аян Бейсекин, штаб басшысы, Екібастұз қаласының әкімі:                  

- Жақын арада бірқатар үйлерді қосамыз деп үміттеніп отырмыз. Себебі жылу желілерін қалыпқа келтіру бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Енді мына жылу торабында одан кейін үйлердің ішіндегі батарейлерге жылу құрылғыларын анализ жасап қарап жатырмыз қандай жағдайда екенін. Барлық керекті материалдармен біздің бригадалар қамтамасыз етілген. 

Жергілікті атқарушы билік алдағы күндері жағдай жақсарады деп сендірді. Қала тұрғындары үшін 14 жылыту пункті жұмыс істеп тұр. Бұларды 213 адам уақытша паналап отыр. Олардың алтауы бала. Волонтерлер мен іскер әйелдер қауымдастығы, шаруа қожалықтары қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат