Елде 68 тауарлы сүт фермасы ашылды

Аграрлық несие корпорациясының қаржыландыруымен елде 68 тауарлы сүт фермасы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропалық стандарт негізінде іске қосылған нысандардың бірі Жетісу облысының Панфилов ауданында орналасқан. Жұмысын төрт жыл бұрын бастаған шаруашылықта қазір күніне 14 тоннаға жуық сүт өндіріліп отыр. 

Жәнібек Оханов еуропалық үлгідегі сүт фермасын салуға 500 млн теңге жұмсаған. Ал шетелдік ірі қараны Аграрлық несие корпорациясы берген жеңілдетілген несиеге сатып алды.  

Жәнібек Оханов, «КӨКТАЛ-АГРО» ЖШС директоры:

- 2,5 млрд теңге 6% берді. Соның уақытысымен алудың нәтижесінде өзімізге керекті 888 бас Австриядан алып келдік. Қазір енді 1150 басқа арналған ферма жұмыс істеп тұр. 14 тонна сүт шығарып жатырмыз.

Қазір шаруашылықтағы асыл тұқымды ірі қара төлдей бастады. Науқан аяқталғанда фермада тәулігіне 25 тонна сүт сауылатын болады. Сөйтіп, толық қуатымен жұмыс істеуге көшеді. Өңірде Аграрлық несие корпорациясы арқылы кәсібін бастаған серіктестіктер жетерлік. 

Асылан Асамбаев,  «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалы директорының орынбасары:

- Жетісу облысында бес сүт тауарлы фермасы Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен іске қосылған. Олар Талдықорған қаласы, Панфилов, Ескелді және Қаратал аудандарында. Жалпы қаржыландыру көлеміне келер болсақ, биыл Жетісу облысында 8 млрд теңгеге жуық қаржы көлемі бөлініп, облыстық ауыл шаруашылық саласында дамытуға үлесін қосып жатқан шаруашылықтарға сондай көлемде қаржы бөлінген болатын.

Тауарлы-сүт фермасынан бөлек, «Агралық несие корпорациясы» репродуктор, жылыжай кешені, ет-сүт өңдеу, мал бордақылау алаңы, құс фабрикасы, жеміс-көкөніс сақтау қоймасы, балық шаруашылығы секілді ауыл бизнесінің басқа түрлерін де қаржыландырады.