Курьерлер мен таксистерге де әлеуметтік төлемдер аудару міндеттеледі

Келер жылдан бастап елде курьерлер мен таксистерге де әлеуметтік төлемдер аудару міндеттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны интернет платформалардың басшылары төлеулері тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылдан бастап осындай талап енгізгелі отыр. Толығырақ тілші материалында.

Батырхан Хамитов тәжірибелі такси жүргізушісі. Бұл оның негізгі табыс көзі екен. Айтуынша, отбасыны асырауға жеткілікті. Бірақ, әр сапардан жұмыс беруші үлкен көлемде процентін ұстап қалады екен.

Батырхан Хамитов, такси жүргізушісі:

- 17 процент яндекс агрегатқа кетеді. 7-8 процент ол таксопаркқа кетеді. Мен әр заказдан 24-25 процент төлеймін.

Әр сапардан төлейтін процент көп, бірақ бұл қызметкерлер ешбір әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілмеген.

Бұлардың қатарында курьерлер де бар. Демек, зейнетақы жарналары жүрмейді, жұмыс беруші тарапынан медициналық сақтандыруға да төлем жасалмайды..

Бұл олқылықты еңбек министрлігі келер жылдан бастап ретке келтірмек жоспарда.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Онлайн платформалардың көмегімен  (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.)  жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады, олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді.

Жаңашылдық шетелдік тәжірибелерді сараптай келе алынған екен. Мәселен, Түркияда курьерлік қызмет жақсы дамыған. Олар кішігірім кәсіпорындармен келісім-шарт жасасып, жалдамалы жұмысшы ретінде толыққанды еңбек етеді. Нәтижесінде курьерлерге әлеуметтік төлемдер мен медициналық сақтандыру жүйелі түрде төленіп тұрады.

 

Эмре Жан Чакыроғлұ, курьер:

Өз мотоциклің болса сағатына 35, әрбір шақырымы 2 лирадан басталады. Жасаған жұмыс көлеміңнің ақысын алып отырасың. Дегенмен, ірі компаниялардағы әріптестерім айлық жалақымен жұмыс істейді. Олардың еңбек келісім шарты бір жылға жасалады. Әлеуметтік төлемдері мен сақтандыру секілді барлық жұмысшыға қажетті жағдайлар қарастырылған. Өйткені жолда апатқа түсіп қалуың да мүмкін. Сонда сенің еміңе қаражатты мемлекет береді.

Қытайда да онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін мамандар әлеуметтік жағынан қамсыздандырылған. Бұл елде қазір 18 млн-ға жуық адам таксист немесе курьер болып жұмыс істейді. Бұндай мамандарға интернет платформалар жол-көлік апаты бола қалған жағдайда сақтандыруын төлейді екен. Ал өзге, яғни, зейнетақы жарналары, медициналық сақтандыруға аударымдарды көбіне жұмысшылар өздері жасап отырады.

Ян Шэнь, такси жүргізушісі:

Біздің компаниямыз әлеуметтік төлемнің 70 процентін аударып отырады. Қалған 30 пайызын өзіміз төлейміз. Ол бірден айлық жалақыдан алынып отырады. Жаңағы айтқан 70 процент – ол жол апатынан немесе түрлі ауыр сырқаттардан сақтандыруға жұмсалады. Оның үстіне автокөліктің өзінің сақтандыруы бар.

Айта кету керек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше қазір 150 мыңнан астам қазақстандық таксист болып жұмыс істейді.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Біз операторлар тарапынан тиісті түсінік болады деп күтеміз. Өйткені онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтіндер кез-келген уақытта жұмыссыз қалуы мүмкін. Көбінің балалары бар, кейбірі ертең отбасы құрады. Сондықтан барлығы да әлеумттік жағынан қамсыздандырылуы тиіс.

Онлайн платформалар арқылы нәпақа табатын қызметкерлер әлеуметтік төлемдердің болғаны дұрыс дейді. Бірақ, ертең онсызда көп процент алатын жұмыс беруші оны еселеп атттырып қоймай ма деп қауіптенеді.

Батырхан Хамитов, такси жүргізушісі:

Соцвыплата ол жақсы. Бірақ яндекс агрегат басқа процент қоспағанда жақсы болады.

 

Қазір кей платформалар әлеуметтік төлемдерді аударудың өз механизмдерін әзірлеген екен. Бірақ, барлығының бірдей ортақ шешімі жоқ. Енді пилоттық жобаның тиімділігі қандай болатындығын уақыт таразылайды.

Авторлары: Риат Шони, Мұрат Әріпханов, Меруерт Қанағат және Ботагөз Сырғабаева