Ақтөбеде жыл басынан бері 30-дан аса қылмыс ашылды

Полиция мен еріктілердің бірлесе атқарған жұмысы нәтижесін берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбеде жыл басынан бері, жүздеген тәртіп бұзғандар анықталып, 30-дан аса қылмыс ашылды. Енді осы қоғамның таныштыған ойлаған, әрі жақсылыққа үгітші жастармен, өзге де ұйымдар бірлесіп, іс атқаруға ниетті.

Нұржан Қарасаев студенттік шағында волонтерлікпен айналасып жүрген жастардың бірі. Күндіз оқуында болса, кешқұрым полиция қызметкерлерімен бірге қаланың қауіпсіздігін қорғауға шығады. Талай ұрлық-қарлықтың алдын-алуға көмегін тигізген. Өзі мүшелікке өткен еріктілер ұйымында қазір 20-ға жуық жас бар. Әрқайсысы әртүрлі бағыт бойынша әрекет етуде.  

Нұржан Қарасаев, волонтер:

- Біз күн сайын кешкі уақытта батальон патрулдік полициямен бірге кешкі патрулге шығамыз. Біздің негізгі мақсат ол біздің қаламызда құқықбұзушылықтың алдын алу. Тікелей статистиканы келтіретін болсам біздің көмегімізбен әр ай сайын 650-ден астам құқықбұзушылық анықталады.

Ал Катерина Голотинаның тобындағы еріктілер негізінен қайырымдылық шараларын өткізіп, жоғалған адамдарды жанды іздеумен айналысады. Үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған ондаған бала мен қарияларды тауып берді. Команданың еңбегін қалалықтар біледі. Ирина Есенованың кенже ұлын да осы команда іздеген еді. Хабар-ошарсыз кеткен жігітті жаралы жаралы күйінде тауыпты.

Ирина Есенова, қала тұрғыны:

- Менің ұлымды тауып алған соң да қасымнан кетпей, көп көмек берді. Олардың қолдауын сезіндім. Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ.

Катерина Голотина, ерікті:

- Жоғалған жандар туралы біздер көбіне кешкі мезгілде естіп жатамыз. Бірақ, көмектесуден бас тарту бізде болған емес. Кез-келген уақытта командамыз жиналып, іздеу жұмысына кіріседі. Бір рет түңгі екі жарымда кішкентай баланың жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Соған қарамастан 20 шақты еріктіміз оны табуға шықты.

Бүгінде облыс бойынша 161 волонтерлік топ бар. Оған мүше жастардың саны алты мыңнан асады. Қоғамдық игі істердің басы-қасында жүрген еріктілердің төл мерекесін олармен тығыз байланыс орнатқан ұйымдар елеусіз қалдырмады. Облыстық полиция департаментінің басшылығы алғыс хаттар табыс етіп, еңбектерін атап өтті. Бұдан өзге, еріктілер тобының кейбірі төтенше жағдай қызметі және медицина ұйымдарымен қарым-қатынас орнатқан.