Бурабайлық тұрғындар суықтан бүрсең қағып отыр

Ақмола облысында жылудың жыры бітер емес. Бұл жолы бурабайлық тұрғындар бүрсең қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Яғни бірнеше көпқабатты үйлердегі жылу мардымсыз. Ал жауапты сала мамандары бұл деректі жоққа шығаруда. Күрмеуі қиын мәселе толығымен қашан шешілмек?

Нина Кудрявцева - Ұлы Отан Соғысының ардагері. 97 жастағы кейуана өзінің қызымен тұрады.  Қызы да зейнет жасында. Пәтерлері салқын болғасын  екеуі осылай оранып отыруға мәжбүр. Бір бөлмені ғана жылытып, қалғандарының есігін жауып тастапты.

Людмила Позднякова, Бурабай кентінің тұрғыны:

- Үй өте салқын. Бөлмелердегі температура небәрі 15-16 градус қана. Өткен аптадағы аяздарда қатты тоңдық. Қазірдің өзінде ұйықтағанда екі көрпені қымтап, киіммен ұйықтаймыз.

Бұқара базынасы жергілікті билік өкілдерінің құлағына жетіпті. Олар осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылғандығын айтады.

Ерлан Биданов, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:

- Бурабай ауданы әкімінің өкіммен арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар тұрғындардың  назарылығы бойынша әр пәтерге жеке  барып, мәселенің мән-жайын анықтады. Халықпен де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Десе де, «Арнайы құрылған комиссиядан пайда жоқ», ­­­- деп налиды жергілікті тұрғындар. Өйткені олар тек түсіндіру жұмыстарымен ғана шектеледі. Кейде тіпті суық үйлерлерді айналып өтетін көрінеді.

Сара Бегахметова, Бурабай кентінің тұрғыны:

- Екі айда облыстан, районнан кісі, комиссия келді. Суық үйлерге кірмейді. Кімнің үйі жылы сонда ғана кірді. 2 ай тұрдық жылықыштармен.

Сүйіндік Әбдірахманов, Бурабай кентінің тұрғыны:

- Комиссия келген кезде ғана жылыту насостарын қосады. Сол кезде жарты күнге жылынып қаламыз. Бәрі кеткесін алып тастайды.

Бүгінде Бурабай ауданы бойынша 3 жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Осы жылы оның қуаттылығын арттыру мақсатында бірқатар жаңа қондырғылар орнатылған. Ал ондағы мамандар бар мәселені тұрғындардың өзінде екендігін алға тартуда. 

Виктор Бахмут, «Бурабай тазалық» коммуналдық кәсіпорынының директоры:

- Жылыту жүйелері бекітіліп  қалған. Барлығы ескірген. Сол себепті  жылу мардымсыз. Тұрғындар жаңасың қойғылары келмейді. Ал жылыту қазандықтары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Осылайша, қос тарап бір-бірлерін кінәлап әлек. Ал аудандық әкімдік мәселені ретке келтірудің орнына дәрменсіздік танытып отыр. Қыстың алғашқы аязында қалшылдаған қараша алдағы айларда не болатынын ешкім болжай алмайды.