Жамбылдық шаруаларға жаңа ауылшаруашылық техникасы табысталды

Жамбылдық шаруаларға су жаңа ауылшаруашылық техникалары табысталды.

18 трактор «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында алынған.  Сонымен қатар 10 ауданға жедел жәрдем көлігі берілді.

Жамбылдық шаруалар үшін бүгін мереке. Себебі 303 млн теңгенің техникасына қол жеткізді. Кооперативтерге табысталған техниканың 30-50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл диқандар үшін ауқымды көмек. 

Алхан Ағыбетов, кооператив төрағасы:

- Екі трактор алып жатырмыз. Орудиялары бар тағы қосымша. Соқа, сеялка, кукурузник, опрыскиватель деген сияқты. Бұл бағдарламаның енді халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстауға арналған бағадарлама. Жақсы пайызы.

2019 жылы бастау алған пилоттық жоба жемісін беруде. Бүгінде 6 миллиард теңге бөлініп, әр ауданның бір ауылдық округ тұрғындарына 2,5 пайызбен несие берілді. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасады. 

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

- Келесі жылы тағы да әр ауданнан екі округке біз тура осындай жұмыстарды атқарамыз. Техника алып береміз. Содан кейін өзіміздің тұрғындарға 2,5 пайызбен несие береміз. 25-жылға дейін бүкіл 156 ауылдық округті біз осы жұмыстармен қамтамасыз етуіміз қажет.

Жедел жәрдем автопаркі жаңарды

Бүгін облыстағы жедел жәрдем автопаркі де жаңарды. Заманауи қондырғылармен жабдықталған С және В санатындағы 12 реанимобиль аудандарға аттанады. 

Венера Балқыбекова, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

- Оның ішінде дефибриллятор, портативті оттегісі бар ЭКГ аппаратымыз бар. Көлі жол апаты болған кезде осы баратын реанимобильдер толық көмек көрсете алады.

Облыстық жедел жәрдем станциясына бұған дейін 65 көлік алынған. Қазіргі уақытта автопарктегі 142 көліктің 12 пайызы тозған. Бұл мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылға дейін шешімін табады. 

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә