Ақтөбе облысының Ақкемер ауылында әлеуметтік нысандар қолданысқа беріледі

Тұрғындар тілегі әлеуметтік нысандарды көбейтуге түрткі болуда.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты Ақкемер ауылында таяу уақытта екі бірдей ғимарат жергілікті жұрттың пайдалануына берілмек. Бірі жарты ғасырға жуық тарихы бар мәдениет үйі қайта жаңартылып жатса, енді бірі жаңа амбулатория. Нысандардағы құрылыс жұмыстары ауыл халқының көбейе түсуіне орай қолға алынған. Себебі, тәуелсіздік жылдары түлей түскен округ тұрақты дамуға бет бұрған.

Сұлу Жолжанова Ақкемер ауылындағы тұрғындардың бірі. Жергілікті кітапханада қызмет еткеніне 40 жылға жуықтаған ол елді мекеннің тарихын жатқа біледі. Айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі құлдырау көп ұзамай, дамуға ұласқан. Оны кітапхана орналасқан мәдениет үйінде бірнеше рет жүргізілген жаңғырту жұмысымен де байланыстырады. 1975 жылы пайдалануға берілген ғимарат ел егемендік алған уақыттан бері екі мәрте күрделі жөндеуден өткен. Қазір де кезекті рет іші-сырты қайта жаңартылып, ересектерден өзге балалардың түрлі үйірмелерге қатысуына жағдай жасалуда. Ең бастысы, сахна мен көрермен залы талапқа сай жаңғыртылды.

Сұлу Жолжанова, кітапханашы:

- Бұрында мына жерде концерт бірдеңе болып жатқанда, жиналыста дым естілмейтін еді отырған адамдарға. Ал қазір мынау жақсы уже. Советский уақытта тақтайлар болды ғой. сондай тақтайлар болды. қазір міне жақсы ғой. Сосын асты подвал бұның. Подвалдан уже жел келіп тұратын еді, салқын болатын. Ал қазір міне жақсы.

Ақкемер Ақтөбе мен Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласы аралығындағы күре жолдың бойында орналасқан үлкен ауыл. Азаттықтың ақ таңы атқалы бері елді мекен ұлғайып, тұрғындар саны мыңдап көбейген. Туу көрсеткішін есептемегенде, жыл сайын 50 адамға дейін өзге аудан немесе облыстардан көшіп келіп, қоныстанады. Табиғаты мал өсіруге ыңғайлы болғандықтан, округтің құрамындағы төрт елді мекенге де келушілер көп. Ал ауыл тіршілігі бүгінде қала деңгейінде жақындаған. Көгілдір отын, электр жарығы, ауыз су, интернет желісі бар.

Гүлнұр Сарина, Ақкемер ауылының тұрғыны:

- Жалпы тұрмыс жақсы халықтың. Енді бұрын от жағып та күн көрдік қой енді. Азық-түлікке қалаға жүгірмейміз. Ауылымызда әр дүкендеріміз бар. Жол салынып жатыр қазір үлкен. Онда да қаншама адам жұмысқа тұрып жатыр. 

Тұрғындарды жұмыспен қамту ауылды көркейтуге арналған жобалардың іске асыру арқасында қарқынды жүріп келеді. Қазірдің өзінде, бір мезетте 40 адамды қабылдай алатындай мүмкіндігі болатын жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл да елді Ақкемер жұртының көбейе түсуінен қолға алынған жұмыс. Себебі, ескісі тарлық ете бастаған. 

Дамир Қожаниязов, Ақкемер ауылдық округінің әкімі:

- Ангар типтік спорт кешені бар. Ол биылғы жылы басталып, келесі жылы аяқталатын болады. Елек ауылының көшелерін және Елек ауылының кіре берісі барлығын асфальттау жұмысын жүргізуге жоспарлап отырмыз. Жарық ауылына да биылғы жылы жұмысын бастады асфальттау қалғаны келесі жылға жоспарда тұр. Сонымен қатар, Көтібар, Көктөбе ауылдарына келетін болсақ, ол жағында да қазір 15 шақырымдық жолға асфальттау жұмысын бастады. 

Бұл тәуелсіздікпен бірге түлеп келе жатқан Мұғалджар ауданындағы ауылдардың бірі. Тұрғындары үшін жайлы әрі шаруашылығы дамыған осы секілді елді мекендерді көбейту басты жұмыстардың қатарында болмақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағали