Петропавлда «Бизнес -бастау» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр

Биыл шахарда 270-ке жуық азамат арнайы курстан өтіп, оның 92-і мемлекеттік қолдауға ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде орта және шағын бизнес қарқын алып, өз ісін ашқан көпбалалы аналар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Аймақтан Самат Қайырденұлы сабақтасын.

Солтүстікқазақстандық Қарлығаш Сақыпованың мамандығы – есепші. Бірақ, тігінші атану оның бала күнгі арманы еді. Бұл істің қыр-сырына әбден машықтанған ол кәсіп бастау үшін «Бастау бизнес» жобасына қатысып, білімін жетілдірген. Қазір өзінің шағын ғана шеберханасында ұлттық киімдер тігеді. 

Қарлығаш Сақыпова, кәсіпкер:

Қазір оптом бізде сұраныс кетті. Ресей Федерациясынан өте жақсы береді, бишілер алады. Астана қаласынан, Көкшетау қаласынан заказ береді. ну оптом жақсы кетіп жатыр қазір. Көрпе тігеміз, қоржындар тігеміз, тойға не қажет соның барлығын тігеміз.  Алдағы жоспарымыз лазерный станокқа қаражат жинап, соны сатып алу. Өйткені қазір біз дайын оюларды сатып аламыз. Егерде біз лазерный станокпен қиып қзіміз жасасақ, бізге өте тиімді болар еді.    

1 миллион 225 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алған жандардың енді бірі көпбалалы ана –Клара Оразбекова. Ол елдіміздің оңтүстігінен солтүстікке көшіп келіп, жақында балаларды дамыту орталығын ашты. Шәкірттері 5-15 жас аралығындары балалар. Сабақ өзінің авторлық әдістемелері бойынша жүргізіледі. Қазір ол төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

Клара Оразбекова, кәсіпкер:

Мұны ашқан себебіміз қазір ата-аналар таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Балаларына ойындағыдай көңіл бөлуге уақыттары жете бермейді. Осы ата-ананың сұранысына байланысты осы жерге келеді. Ағылшын тілі оқытылады. Сонымен бірге оқу техникасы деген сабақ бар, үйірмеміз бар. Ол жерде балалардың жалпы қабілетін ашуға жұмыс жасалады. 

Биыл Петропавл қаласында 269 адам «Бастау -бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыған. Оның 92-і мемлекет қолдауының арқасында өз ісін бастады. 

Тойлыбай Машауов, қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

92 азаматқа жалпы сомасы -101,2 миллион теңге көлемінде грант берілді. Яғни әрқайсысы 400 АЕК көлемінде қолдау алды. Биыл аталған жобаға қатысқан азаматтар саны аздай болды. Дегенмен олардың алған граттары екі есеге көп.

Айта кету керек, өңірде кәсіп ашқандардың басым көпшілігі қызмет көрсету саласын таңдаған.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков