Түркістан облысының бағбандары лимон жинап жатыр

Қыстың көзі қырауда Түркістан облысының бағбандары лимон жинап жатыр.

Өңірдегі бірнеше ауданда тропикалық жеміс ағашы өсіріледі. Шаруалар цитрустық жемістерді жылыжайда жерсіндірген. Мамандар биыл лимоннан мол өнім жинап жатқандарын айтады.

Сарыағаш ауданы Бағыс елді мекенінің тұрғыны Манатәлі Тансықбаев үй іргесіндегі 60 сотық жылыжайға лимон өсіреді. «Мейр» сұрыпты лимонның көшетін 10 жыл бұрын Өзбекстаннан әкеліп, отырғызыпты. Бағбан жеміс ағашының бойын өсіріп алу үшін алғашқы жылдары көшеттің гүлін теріп алып тастау қажеттігін айтады.

Манатәлі Таңсықбаев, кәсіпкер:

- 1-2 жылы салады, гүлдейді. Бірақ алып тайтай беру керек оны. 3 жылы 15-20 келі, 4 жылы 40 келі, 5 жылы 60 келі береді. Жылдан жылға көбейе береді. Мына жерде 640 ағаш бар. Олар ең кемі 100 келіден өнім береді. 64 тонна лимон жиналады. Оның келісі 500 теңгеден есептей беріңіз. Елу жылға дейін өнім береді.

Қазір жылыжайда өнім жинау науқаны жүріп жатыр. Дайын өнім ішкі нарықта саудалануда. Бағбан лимон ағашы басқа жылыжайда өсетін көкөніс дақылдары сияқты жылуды аса қажет етпейтінін айтады. Қыстың күні 2 градус жылы болса жеткілікті дейді. Экологиялық таза тыңайтқыштар сеуіп, жылына 2 рет топырағын қопсытады. Жылыжай арнайы агрономдардың бақылауында.

Ділмұрат Баймұратов, агроном:

- Қалай егу керек, қалай жұмыс істеу керек. Қалай кесіледі? Барлығын біз көрсетіп, айтып отырамыз. Мен өзім Ташкендегі жылыжайларға да қараймын, Өзбекстан мен Қазақстан бойынша. Мына Қазақстандағы өзіміздің жергілікті жылыжай, цитрустық өсімдікгі биыл рекордтық өнім берді. Бұларды көріп Өзбекстандағылар таңғалуда. 1 ағаштан 200 келіге дейін өнім беруде. Негізгі біздің мақсат еліміздің жылыжайын дамыту.

Бағбан алдағы уақытта үкіметтен қолдау болса, жылыжай шаруашылығын кеңейтіп, басқа да цитрустық жемістерді өсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар лимон өсіргісі келетіндерге өзі көшетін беріп, тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бірақ елімізде лимон өсірушілерге мемлекет тарапынан субцидия төленбейді. Алайда өңірде жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. 2020 жылы 1246 гектар жылыжай болса, биыл оның көлемі 1625 гектарға жеткен. Еліміздегі жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Оның басым бөлігі Сарыағаш, Келес, Ордабасы және Қазығұрт аудандарының үлесінде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш