Отандық баспа өнеркәсібінде шикізат тапшы

Отандық баспа өнеркәсіптерінде шикізат тапшы.

Кәсіпкерлер саладан кетуге шақ отыр. Осыдан бір жыл бұрын қажетті материалдың 90%-і елге Ресей арқылы әкелінсе, бүгінде Жапония, Корея, АҚШ пен Үндістаннан тасымалданып жатыр. Логистика мәселесі де күрделі.

Баспа нарығындағы баға соңғы 10 айда екі есеге жуық қымбаттады. Кәсіпкерлер бұрын 260 мың теңге тұратын кеңсе қағазының орамасын қазір 380 мың теңгеге алуға мәжбүр. Кез келген баспаға аса қажет қағаз, бояу мен баннер матасы сырт елдерден алынады. Ал шетелдік өндірушілер ірі кәсіпорындармен ғана серіктестікке ынталы.

Андрей Федоров:

- Импорт дегеніңіз бұл логистика. Әсіресе қыс кезінде өндірісті қиындататын техникалық мәселелер болады. Біз басып шығаратын бояу жарылғыш қауіпті зат саналатындықтан компаниялар оны тасымалдауға келісе бермейді. Бояу жылы температурада тасымалдануы тиіс, ал ондай көлік кез келген компанияда жоқ. Салдарынан логистиканың құны артады.

Осылайша шикізаттың ақырғы құны өндіруші мен тапсырыс берушінің де қалтасын қаққан жайы бар. Мәселен, бұрын бағасы 1000 теңгеден аспайтын жаңажылдық саптыаяқ бүгінде 2000 теңгеге шарықтаған. Кәсіпкерлер импортқа тәуелділіктің артқанын айтады. 

Батырбек Әубәкіров, Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының басқарма төрағасы:

- Біз шикізатты толықтай өзге елдерден алуға мәжбүрміз. Мақсатты мемлекеттік қолдау қажет. Қазақстанда шикізаттың баламалы түрлерін қайта өңдеу жобаларын енгізген дұрыс деп санаймын. Біз техникалық кендірді, сабанды, қамысты қайта өңдеуді ұсынған едік. Өзбекстан полимер мен тастан тас қағаз шығару өндірісін іске қосты. Ол жобаның құны 5 млн долларды құрайды.

Елде баламалы жолмен қағаз өндіру жоспары болмағанымен, макулатураны қайта өңдеу ісі бір ізге келтірілген. Қағаз сүлгі, дәретхана қағазын шығаратын 10 ірі, 40 шағын кәсіпорын бар.

Мұхамед Андаков, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің басқарма басшысы:

- Біздің нарыққа, арнайы индустриалды аймақтарға кіргісі келетін шағын және орта кәсіп иелері және ірі компаниялар үшін жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері мол. Министрлік бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Кездесетін сыртқы факторларға қарамастан, отандық тауар өндірушілерімізді барынша қамтамасыз етуді қалаймыз.

Еуропа кәсіпкерлері шарап тығыны пен пластиктен қағаз өндіруді, титаннан ақ бояу алуды меңгерген. Жапония баспаханаларында құлтемірлер іске бейім. Мамандар елде баспа өндірісін заманға сай өркендетудің маңыздылығын айтады.

Рухани Асқар, Сәния Көпжасарова, Руслан Әлиев