Алматы облысындағы Айғаным ауылында мектеп жоқ

Алматы облысындағы екі жарым мың оқушысы бар Айғаным ауылында мектеп жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалар жақын маңдағы елді мекендерге барып оқиды. Ата-аналар балаларын таситын такси жалдауға мәжбүр.

Талғар ауданына қарасты «Айғаным» ауылы Алматыға жақын орналасқан. Үй саны жылда көбейіп келеді. Мектепке баратын бала саны үш мыңға жуықтаған. Бірақ, ауылда мектеп болмағандықтан оқушылар Өтеген батыр кенті, Еркін мен Қызыл ту ауылдарында білім алады.

Мектебі жоқ оқушылар ауылы атанған Айғанымда мыңдаған бала көрші елді мекендердегі алты мектепке қатынап оқуға мәшбүр. Алдағы екі жылдың бедерінде дәл осы бос жатқан жерде 600 бала арналған жаңа мектеп салынуы керек. Бірақ бала саны жылда өсіп жатқан ауылға ол да аздық етуі мүмкін.

Тек бір ғана Өтеген батыр кентіне «Айғанымнан» мың бала барады дейді ата-аналар. Оқушылар тасымалдайтын арнайы автобус болмағандықтан такси жалдауға тура келеді. Жалдамалы жүргізушілер бір балаға жиырма мың теңдеген ақы сұрайды. Оны әр ата-ананың қалтасы көтермейді.  Ал, 2-3 оқушысы барларға тіпті ауыр салмақ. 

Болат Сариев, ауыл тұрғыны:

- Біртіндеп тасимын мектепке. Такси алып он бес мыңнан төлейтін шамам жоқ. Такси шақыратын жағдайлары барлар такси шақырады бір екі баласы барлар.

Ерлік Әбдірахман, ауыл тұрғыны:

- Жалпы мектепте оқитын бала саны екі жарым мың баладан асады. Және осы күзден бастап қайтадан бірінші класқа баратын болса ол одан ары өсе береді. Бізге дереу арада мектеп керек. Мектеп салынғанға дейін балаларды таситын үлкен автобустар керек.

Дегенмен «Қызыл ту» мен «Еркін» ауылдарын қатынайтын оқушыларды ауылдан микроавтобустар жинап әкетеді. Тасымал тегін. Бұл көліктер мектеп балансына берілген. Бірақ, бұл да мәселені толық шеше алмайды. Облыстық  білім басқармасының мәліметінше келесі жылы «Айғанымдағы» оқушы тасамылына екі автобус беріледі.

Әлішер Ғалымұлы, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Лизинг есебімен он бір автобус сатып алу жоспарланып тұр. Негізі облыс бойынша 36 автобус сатып алу жоспарланған соның он бірі Талғар ауданына тасымалдау мәселесін шешу үшін беріледі деп жоспарланған.

Айғанымдықтардың  «Ауылға мектепті қашан саласыздар?» деген сұрағына  қатысты облыстық білім басқармасы ресми жауап берген. Құжатта екі гектар жерге 600 орындық мектеп салынады делінген. Алайдай, ауыл тұрғындары құжатты қазірден дұрыстап, білім шаңырағын 1500 лайықтау керек. Өйтпесе, «Айғанымдағы» бала оқыту мәселесі ешқашан шешілмейді дейді тұрғындар. Жалпы, алдағы төрт жылда облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 63 мектеп салу жоспарланған. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев