Қызылорда облысында көп бейінді аурухана мен перинатальді орталық салу көзделді

Қызылорда облысында келер жылы көп бейінді аурухана мен перинатальды орталықтың құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Ал демеушілер заманауи үлгідегі оқушылар сарайын салуға ниетті.  Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына орай қолға алынған бастамалар жүйелі жүзеге асып жатыр.  Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары журналистерге арналған брифингте мәлімдеді.

Биыл Сыр өңірінде өңдеу өнеркәсібі 8,5 процентке, инвестиция көлемі 40 процентке артқан. Экономикамен бірге әлеуметтік салада да серпіліс байқалады. Біраз игілік балалар жылына арналған. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша биыл 4 мектеп, 80 ойын алаңы, оқушылар үйі мен өнер мектебі есігін айқара ашты. 

Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Балалар жылы аясында жыл соңына дейін 12 әлеуметтік нысан салынып бітеді. Қосымша Арал ауданы ауданаралық аурухана базасында 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы. Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 2-14 жас балалалар үшін оңалту орталығы ашылды.

Облыста 12 білім, 6 денсаулық сақтау, 5 мәдениет және спорт нысандарының құрылысы жүруде. Оның басым бөлігі жыл соңына дейін іске қосылмақ. Сонымен қатар, облыс орталығынан қан орталығы, неке сарайы мен өнер сарайының құрылысы басталған. Өңірде келесі жылы да құрылыстың қарқыны бәсеңсімейді.

Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында біздің облыста 15 мың 100 балаға арналған 21 мектептің құрылысын салу бекітілді. Нәтижесінде 2025 жылы біз, өңірдегі 3 ауысымды және апатты мектептердің мәселесін толық шешеміз.

Мұнан бөлек 300 орынды көпбейінді аурухана мен 200 төсектік перинатальды орталықтың да құрылысы келесі жылы басталуы мүмкін. Ал демеушілер заманауи үлгідегі оқушылар сарайын салуға ынта білдірген.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин, Айтмухамбет Байдулдаев