Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты сот отырысы басталды

Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасы бойынша танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты сот отырысы басталды.

Бұл іс бойынша жалпы 12 адам тергеу изоляторында отыр. Ал екеуі әлі іздеуде. Оның бірі вайнер Азимжан Саидбаев. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қаржы пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша қылмыстық істі Алмалы аудандық соты қарауда. Әзірге сот процесі онлайн форматта өтуде. Адвокаттардың бірі және айыпталушы Руслан Бурханов  отырысты офлайн режимде өткізуді сұраған. Алайда  судья Кәмшат Саурова ол өтініштерді қанағаттандырған жоқ. Алдын ала сот отырысынан соң басты сот талқылаулары басталады.  Қылмыстық іс аясында 41 жылжымайтын мүлікке, 3 автокөлікке, 9 банктік шотқа және 16 компанияның жарғылық капиталындағы әртүрлі үлестерге тыйым салынған.