Ақтаудағы энергетикалық комбинаттың 81% ескірген

Ақтаудағы энергетикалық комбинатты жаңғыртуға шамамен 127 млрд теңгеден аса қаражат керек. 

Мамандардың сөзінше, кәсіпорын жабдықтарының 81 проценті әбден ескірген. Коммуналдық мекеме келер жылы облыстық коммуналдық меншікке өтеді. Бұдан соң техникалық аудит жүргізіледі. Модернизациялау аясында 6 жоба жүзеге асады. Соның бірі тәулігіне 24 мың текше метр су тұщытатын израильдік үлгідегі қондырғы. Құны 18 млрд теңгеге бағаланған жоба құрылысы 2 жылда аяқталуы тиіс. Жобалық-сметалық құжат мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жалпы «Маэк» энергокомбинаты Маңғыстау облысының бірнеше елді мекенін электр энергиясымен, жылу және ауыз сумен қамтып отыр.

Болат Байбозов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Су тұшыту қондырғысының құрылысы. Сонымен қатар бу-газ қазандығының құрылысы. Сосын 1 турбоагрегатты жаңғыру және 1 қазандық салу жобалары. Нақты сомасы техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып біткеннен кейін айтылады. Сапалы қызмет көрсете алмауының бірден бір себебі де осында, құрал-жабдығының ескіруі.