Алматы галереясында ескі шырша ойыншықтарының көрмесі өтті

Өткен ғасырдағы балауыз ойыншықтар, мақтадан жасалған кішкентай адамдар, гофра қағаздан құрастырылған Аяз ата. Мұның бәрін Алматы галереясында ашылған ескі шырша ойыншықтарының көрмесінен көруге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жәдігерлердің ішінде 1972 жылы Ақтөбе қаласында жасалған ойыншықтар да бар. 100 жылдық кезеңді қамтыған көрмедегі жаңа жылдық әшекейлердің тарихын тілшіміз айтсын.

Ретро-ойыншықтар көрмесіндегі ең көне экспонат 1880-жылдарға тиесілі. Бұл жерден көз үйренген жылтырақ шыны ойыншықтарды көре алмайтыныңыз анық. Есесіне қағаздан, сымнан, балауыздан жасалған қолөнер бұйымдарының сыры кетсе де, сұлбасы сақталған. Көрмеге Викториан дәуірінен бастап, өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы жаңа жылдық әшекейлер қойылған. 

Татьяна Кожухова, "Өткен кезеңнің оттары" көрмесінің ұйымдастырушысы:

- Әрбір витрина өзінше ерекше. Әр ойыншықтың өз тарихы бар. Мысалы, Ақтөбе коллекциясында суретші Сергей Кабаковтың өзінің фотосуретінен жасалған ойыншық бар. Бұл оның ойыншықтардағы автопортреті. Яғни, ол өзінің бейнесін осылай қалдырды. Біз үшін қарапайым шыршаны безендіретін зат саналғанымен, шын мәнінде бұл  суретшіге арналған ескерткіш.

Көрмедегі бұйымдар алматылық бес коллекционердің «сандығынан» алынған. Жылдар бойы жинақталған шырша ойыншықтары әлемнің әр түкпірінен әкелінген. Мәселен, мына үйшікті Светлана Крупко Германиядан алдырыпты. 1900 жылдар кезеңіне жататын бұйымның асқан шеберлікпен жасалғаны байқалады.

Алёна Бондарева, көрмеге келуші

- Көрмеден алған әсерім керемет.  Мен жалпы шырша ойыншықтарын жақсы көремін. Үйімде Сталин дәуіріндегі сирек ойыншықтар бар. Ал, көрмедегі шырша әшекейлері тіптен керемет, қайдан тапқанына таңғаласың. Өйткені мен бұрын-соңды мұндай нәрсені көрген емеспін. Мен үшін қолдан жасалған ойыншықтар құнды, қызықты.

Мына шыршадағы алма пішінді ойыншықтар қолдан жасалған. Қазір Новгородта тұратын автор ару қала Алматының байырғы тұрғыны екен. Сүйікті қаласына естелік ретінде бірегей ойыншықтарды жасап берген. Ретро-шырша ойыншықтар көрмесі қаңтар айының аяғына дейін жұмыс істейді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев