Көкшетаудағы Оқушылар сарайында балалар ағаштан түрлі ұлттық бұйым жасайды

Бұдан бөлек, тері, сүйек пен, былғарыны да кәдеге жаратады. Қазір үйірмеге 100-ден аса оқушы келіп жүр. Ернұр Молдабай үйірме ашылғаннан бастап келеді. Өзі облыс орталығындағы музыкалық колледжде білім алып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол себепті музыка аспаптарын жасауға әуес. Қазір ағаштан ойып, қазақтың қара домбырасын жасап жатыр. Айтуынша,  жұмысының басым бөлігі аяқталыпты. Енді тек бояп, әрлеу  қалған.

Айталық, бұл жас шебердің тырнақ алды бірінші туындысы емес.

Ернұр Молдабай, үйірмеге қатысушы:

- Бірінші жұмысым осы қобыз. Кішкене қиындау болды. Тері, сүйек, ағаш және жылқының қылынан жасадым. Ең қиыны қыл болды. Бір жағында сексен, бір жағында сексен екі қыл. Ал, тартатынында алпыс қыл. Басқа көп нәрселер бар енді. Солардың барлығын жасап көргім келеді.

Балғын шеберлер ұлттық аспаптан  бөлек астау, ағаш ыдыс-аяқ  істейді. Олар шеберханадағы жабдықтарды еркін қолданады. Кез келген доғал ағашты көрсе көз жауын алатын бұйымға айналдырады. Ал, кейбірі өзінің төл туындысын жақындарына сыйлыққа береді.

Бату Сапарбек, үйірмеге қатысушы:

- Мен қазір өз әкеме саймандар салатын жәшік істеп жатырмын. Барлық құралы сияды деген ойдамын. Осылайша, мен өз әкемді қуантқым келеді.

Жалпы үйірмеге келгісі келетін бала көп.  Тіпті, резеревте тұрғандар да бар. Қазір  бір ауысымда 8 бала білім алады. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалауға мүмкіндік береді,-дейді үйірме жетекшісі. Сондай-ақ жасөспірімдер үшін арнайы оқыту бағдарламасы да дайындалған.

Олжас Ахметов, үйірме жетекшісі:

- Оқыту бағдарламасы бойынша үйірмеге қатысатын әр балғын 3-4 сабақтан кейін ағаштан бір бұйым жасап шығаруы шарт. Сол кезде ғана оқушылардың қызығушылығы арта түседі. Бір оларға алғашқы бетте жеңіл дүниелер жасатамыз. Ал, белгілі бір уақыт өтіп, тәжірбиесі толыққан шақта ғана үлкен бұйымдарға көшеміз. Бабадан қалған ата-кәсіпті жаңғыртып, оны болашақ ұрпақтың бойына сіңіру менің міндетім. Сол себепті барымды салып, үйретіп жатырмын.

Жас шеберлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар арнайы көрмелерге де қойылады.

Айта кетейік, көрмені тамашалаған көрермен өзіне ұнаған кез келген бұйымды сатып ала алады. Ал, ол қаржы бірден жас шебердің қалтасына түседі. Осылайша, балғындар бір жағынан ата кәсіпті меңгерсе, екінші жағынан адал еңбегімен табыс табады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко