«Табиғи монополиялар туралы» заңға бірқатар түзету енгізіледі

«Табиғи монополиялар туралы» заңға бірқатар түзету енгізіледі

Заң жобасы шеңберінде «Табиғи монополиялар туралы» заңға бірқатар түзету енгізіледі.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, түзетулердің қатарында цифрландыру арқылы тариф белгілеу процесінің ашықтығын арттыру көзделген. Және халықаралық және жергілікті қаржы ұйымдарының қарыздарын тарту жөніндегі кредиттік келісімдерді уәкілетті органмен келісу міндеті белгіленеді. Сондай-ақ, табиғи монополиялар қызметкерлерінің еңбекақысын экономикалық қызмет түрлері бойынша орташа деңгейге дейін арттыру да – түзетуге енгізілетін болады. Бұл тұрғыда Әлібек Қуантыров «Самұрық-Қазына» қорына қатысты өзгерістер барын атап өтті.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Уәкілетті экономикалық операторларға қосымша жағдайлар жасау кезінде жосықсыз тұлғалардың уәкілетті экономикалық оператор қызметіне араласуына жол бермеуге басты назар аударылды. Келесі «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңға толықтыру енгізу ұсынылады. Енгізілетін түзету Үкіметтің шешімі бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына өзінің таза табысының кемінде 7%-ын аударуына мүмкіндік береді. 

Жекешелік әріптестікті орнатудың жаңа моделі енгізіледі

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі  Заң жобасында жекешелік әріптестікті орнатудың жаңа моделі қарастырылғанын да жеткізді. Ол шарт жасасу кезінде тараптардың тәуекелдерін азайту үшін енгізіліп отыр. Мәселен енді жеке меншікте қалатын нысандар құйылған инвестициялық қаражат бойынша өтемақы төлемейді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Бірлесіп қаржыландыру бойынша шектеу тек 1 жарым миллион айлық есептік көрсеткіштен асатын жобалар үшін енгізіледі. Бұл ретте бірлесіп қаржыландыру инвестициялардың 30 пайыздан аспауы тиіс. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке әріптестер ретінде қатысуына кедергілер белгіленеді.