Алматы облысында бес ауыл көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр

Алматы облысы Ақсеңгір ауылында тұратын бір отбасы қыста орташа есеппен алты тоннадан астам көмір жағады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта көмірдің бір тоннасы 22 мың теңге тұрады. Биылғы  қыс әдеттегіден суық. Ауыл жанынан магистральді газ құбыры өтсе де, Ақсеңгір сынды бес ауыл  көгілдір отынның қызығын көрмей отыр.

Ақсеңгір ауылының түрғыны Нұрайша Әдікенкызы үшін үйдегі пешті жағу күнделікті шаруа әрине. Бірақ, көңілі көгілдір отынға зәру. «Табиғи газ болса көмір алу, оны тасып. жағу машақатынан арылар едік» дейді.

Нұрайша Малдыбаева, ауыл тұрғыны:

- Ертелі кеш от жағамыз.Енді қазіргі заманға сай газымыз түссе. Газ деген жақсы ғой. Отынымызды жағып қойып қартайғанымызда сол бір жақсылықты көрсек па деп армандаймыз.

Ауыл тұрғындары газдың келуін жылда күтеді. Өйткені, көмір бағасы  қымбаттап жатыр. Алыстан жеткізу де оңай емес. Тасымал шығыны және бар. Газға жауапты мамандар ауылды көгілдір отынмен қамтимызы дегелі  он жылға таяу уақыт та өтіпті.

Ыбырайым Исаев, ауыл тұрғыны:

- Бір жолы келіп едім жазда дедің, Уәдемді саған берген аз ба дедім. Бір жолы келіп едім күзде дедің осы жолы күдеріңді үзбе дедің» деп. Сол сияқты біз осы газдан күдер үзбей келе жатқалы он жыл болды. «Шамның жарығы түбіне түспейді» деп қарыс жерде тұрған бізге әйтеуір жарығы түспей ақ қойды.

Ал, газ құбыры күре жолды бойлай солтүстікке созылып жатыр. Бірақ, оған қосылуға рұқсат жоқ. Жайсан, Көкдала, Балғабек Қыдырбекұлы ауылдарының да ахуалы дәл осындай. Дегенмен, «бес ауыл газ құбырына бәрібір қосылады, жобасы әзірленіп, мақұлданған. Тек бюджеттен қосымша қаражат бөліну керек деді» аудан басшысы.

Нұрлан Ертас, Жамбыл ауданының әкімі:

- Әрбір елді мекенге газ жеткізу мақсатында түбегейлі жұмыстар жүргізіліп жатыр қазір. Қазір бізде қолымызда он бір елді мекеннің газдандыру бағытындағы жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Жалпы Жамбыл ауданындағы 61 елді мекеннің тең жартысы газға қосылған. Халықтың алпыс сегіз пайызы көгілдір отынмен қамтылған.

Авторлары: А. Садуақас, Аят Дүйсембаев «Хабар 24» Алматы облысы