Ақтөбеде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бақылауға алынды

Сауда сөрелеріндегі нан мен сүт, жұмыртқа мен қант сияқты күнделікті тұтынатын өнімдердің қымбаттап кетпеуін арнайы мониторингтік топ қадағалап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жылдық мереке алдындағы қарбалас кезде ірі сауда желілерімен қатар шағын дүкендерде де шектен тыс үстеме қосылмауы тиіс. Тақырыпты тілшіміз тарқатады. 

Жергілікті әкімдік пен қоғам белсенділері, мәслихат депутаттарынан құралған бақылау тобы супермаркеттер мен тұрғын үй маңындағы шағын дүкендерді он күнге жуық аралап жүр. Бұған дейін өңірдегі ірі сауда желілері атқарушы билікпен меморандумға қол қойып, әлеуметтік тауар құнын шарықтатпауға серт берген еді. Алайда кей дүкендерде бұл келісім еленбей қалғандығы анықталып отыр.

Асхат Қалжанов, бақылау тобының мүшесі:

- Пияз құны меморандумға сәйкес 105 теңге болуы тиіс. Қазір 120 екендігін көріп отырмыз. Ескерткеннен кейін ғана бағасын өзгертті. Басқа азық-түлік тауарлары келісімге сай саудаланып жатыр.

Тұтынушылардың тауар бағасымен қатар сапасына да айтар сыны бар. Мәселен әлеуметтік деп жазылған себеттегі сәбізге бірде-бір сатып алушының жолағысы жоқ.

Елена Кузнецова, қала тұрғыны:

- Шіріп кеткен сәбізді кім сатып алады? Бағасы да шарықтап тұр. Қарапайым қиярдың құны шетелден келетін ананастан қымбат. Отандық өнімдің бағасына таңым бар. Сапасы да мынау. Іріктеп отырсам жартысын далаға тастауға тура келеді.

Азық-түлік бағасының шектен тыс шарықтап кету дерегі негізінен тұрғын үй маңындағы шағын дүкендерде тіркеліп отыр. Сондықтан бақылау тобы үкіметтің бекіткен қаулысы бар екендігін сауда орны иелеріне тағы бір мәрте еске салды.

Осы 19 товарлардың 15 пайыз асырмау керек. Егер сізде 15 пайыз асатын болса сізге тиісті айыппұл шаралары қолданылатын болады

Жақсат Төлегенов, қалалық Астана ауданы әкімінің орынбасары:

- Осы уақытқа дейін 10 акт толтырылды. Яғни олар айтатын болсақ баға қойылмаған тауарларға. Және кейбір тауарлар бойынша, күріш және де гречканың бағалары бойынша көтеріңкі бағалар. Соны біздер тиісті мемлекеттік органдарға жібердік.

Дегенмен бұл жолы аталған кәсіп иелеріне қатаң шара қолданылмайды. Тек бағаны белгіленген мөлшерден асырмау керектігі ескертіледі. Егер бір жыл ішінде тағы бір мәрте қайталанса шағын дүкен иелеріне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал, ірі сауда желілеріне 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков