Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар күшейтілген жұмыс кестесіне ауысты

Шымкентте жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар және тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс кестесіне ауысты. Олар үшін алдымен халықтың амандығы маңызды. Антына адал жандар әдеттегідей жаңа жылды қызметте жүріп атап өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл да жаңа жылдық мерекенің сәнін келтіреміз деп, от шашудан опық жейтіндер кездеседі. Оларға бірінші болып құтқарушылар қызмет көрсетуге дайын. Тілсіз жауды ауыздықтауға 65 арнайы өрт сөндіруші техникасы әзір. Бұл күнделікті пайдаланылатын ауыр көліктен 25-ке артық. Сәйкесінше барлық құтқарушы құрам жұмылып, жедел әрекет етуге сақадай-сай. 

Азиз Саипов, қалалық ТЖД №5 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:

- 31-желтоқсаннан 1 қаңтарға дейін біздің қызметіміз күшейтілген түрге өтеді. Бұл дегеніміз жалпы өрт сөндіру бөлімдерінде тұрған есептегі техникалар жауынгерлік есепке қойылады. Адамдар көп жиналатын жерлерге біздің кезекшіліктегі өрт сөндіру автокөліктері мен жеке құрам бірге қойылады.

Мереке күні жедел – жәрдем қызметінде жүзден аса бригада жұмысқа шығады. Түрлі жағдайға тап болған тұрғындарға барлығы 1800 маман медициналық көмек көрсетеді. Ал тұрғындардан түскен телефон қоңырауларына 140 диспетчер жауап беріп, мекен-жайларға бағыттап отырады.

Жаңа жылды жұмыста қарсы алатындардың бірі кардиореанимациялық бригаданың дәрігері Қалдыгүл Күзембаева. Ол бұл салада 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Айтуынша мерекеге дәл келген кезекшілік осымен бірнеше рет қайталаныпты.

Қалдыгүл Күзембаева, қалалық №4 жедел-жәрдем бекетінің дәрігері:

- Әр мейрамның өзінің спецификалық шақыртулары көбейеді. Шақыртулар екі еселенеді. Жәй күндерге қарағанда ішімдіктен улану және масаю салдарынан төбелестер көп түседі және де айта кететін жағдай жаңа жылдық пиротехникалық заттардың жарылу салдарынан дұрыс қолданбағаннан травмалар, күйіктер әсіресе кішкене балдардың көз және басқа да жарақаттары көп түседі. Біздің басты қызметіміз халыққа қызмет жасау.

Ал Шымкенттік тәртіп сақшылардың рейдтік жұмыстары осыдан бір апта бұрын басталды. Өйткені бұзақылыққа жол бермеу қырығы полицейлердің міндеті. Мереке қарсаңында көлік тізгінін масаң күйде басқарып, жол қауіпсіздік ережелерін естен шығаратындар көбейеді. Ал оны алдын-алу үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор дейді, - сала мамандары.

Ұлықбек Мылтықов, қалалық ПД Жергілікті полиция басқарамасының бастығы:

- Қазіргі кезде жаңа жыл қарсаңында халық демалатын кезде коорпаративтік іс-шаралар өтіп жатады. Сол себепті барлық мейрамханаларға біздің жеке құрамдар, потрульдік қызметкерлердің бәрін жақындатып, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты болдырмау мақсатында қызмет атқаруда. Қазіргі кезде күнделікті рейдтік іс-шара өткізу кезінде Шымкент қаласында әкімшілік кодекстік 608 бабы бойынша автокөлікті мас жүргізгені үшін 800 ден астам жүргізуші анықталып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айрылған.

Осылайша тыныштықты күзетіп, адам жанына араша болып жүрген сала мамандары жаңа жылды жұмыста қарсы алмақ. Сабырлық пен төзімділікті жан сарайына жиып, шұғыл әрекет етуге машықтанғандар үшін антына адал болу басты міндет.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов