«K-POP»-қа әуес жастар бар

Кей-поп – Оңтүстік Кореядағы музыкалық жанр атауы. Оған біздің елдің жастарының да көңілі ауып, қызығушылығы артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті, өнерпаз корейлік топтардың қазақстандық жанкүйерлері де пайда болған.

Сөйтіп, кей-поп дегеннің ерекшелігі неде? Адамды баурайтын қандай сиқыры бар?

Бұл – Нура Кеңес. Оның заманауи корей өлеңдеріне би қойып келе жатқанына – биыл 5 жыл. Ал өзінің хореографиялық студиясын ашқанына - 3 жыл болған. Мұнда 70-тен аса балалар мен ересектер би үйірмесімен айналысады. Олардың басым бөлігі – корей халқының мәдениетін ерекше жақсы көреді екен. Нураның айтуынша, Кей-поп – оның жанына жақын бағыттардың бірі. Тіпті, корей әншілерінен шабыт аламын, дейді ол.

Нура Кеңес, Би студиясының жетекшісі:

- Мен Джексон Ван есімді әншіден шабыт алам. Ол Оңтүстік Кореяда тұратын корей ұлтының азаматы. Әнді жақсы айтады, би де билейді, корей сериалдарында да актер ретінде танылған. Мен одан мотивация аламын десем болады.

Оңтүстік Кореяда эстрада жұлдыздарын «айдол» деп атайды екен. Айдолдардың басты міндеті – мінсіз болу. Яғни әуелете ән айтып, биге икемді болумен қатар, көпшілік алдында өзін сенімді ұстау. Бүгінде Кей-поп музыкалық жанры – өзге ғана емес, біздің елімізде де кеңінен танымал. Бұл бағытта өнер көрсететін корейлік топтардың миллиондаған жанкүйері бар. Солардың бірі – 11-сынып оқушысы Жанарыс Сейдахан. Ол атақты «БиТиЭс» тобын ерекше жақсы көреді.

Жанарыс Сейдахан:

- Ким Че Хён – БиТиЭс тобының әншісі. Маған оның дауысы, сахнада өзін еркін әрі жеңіл ұстауы ұнайды. Бұрын қоғам Кей-поп бағытын түсінбейтін, тіпті қабылдағысы келмейтін. Бірақ қазір адамдар ақырындап үйреніп, жақсы қабылдайтын болды.

Қазақстандықтардың Кей-попқа ерекше қызығушылық танытқаны – Корей мәдени орталығының қызметкерлерін таңғалдырыпты. Алайда, бұл бағыттағы өнерді сүймеу – мүмкін емес дейді, олар.

Херан Ли, Корея Республикасы елшілігі Корей мәдени орталығының директоры

- Кей-поп жанры – қазақстандық жастардың арасында танымалдылыққа ие екендігі таңғалдырады. Негізі бұл бағыттағы өнерді тамашалағандар – оны бірден ұнатып қалуы ғажап емес. Себебі, Кей-поп – басқа жанрларға қарағанда әрқашан ерекшеленіп тұрады.

Елімізде Корей мәдени орталығы 12 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Мұнда аталмыш елдің мәдениетін танығысы келетіндерге барлық жағдай жасалған. Орталық директорының айтуынша, тұрғындар «корей тілін үйрену» курсына қатыса алады. Айта кету керек, биыл Корей және Қазақстан Республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына – 30 жыл толды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Динара Абдирова, Руслан Алиев, Арман Ақшабаев