Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 7,5 млрд теңгенің мүлкі қирады

Қаралы қаңтар оқиғасы кезінде Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларында, ондаған ғимарат, өртке оранған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қираған нысандар қалыпқа келтірілді ме? Дүрбелең кезінде қайтыс болғандар мен жарақат алғандарға қандай көмек көрсетілді? Тілшіміз айтып берсін.  

Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде 7,5 миллиард теңгенің мүлкі қирады. Ереуілшілер жолдарды жауып, қару-жарақ дүкендерін тонады. Ызалы топ ғимараттардан бөлек, тіпті төрт автобусты өртеп жіберді. Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелерге келтірілген залал екі айда толық есептеліп, жалпы сомасы 74 миллион теңгеге жуық өтемақы төленген. 

Әбдібек Үкібаев, автобус паркінің өкілі:

- Осындай төтенше жағдайда көмекке барған жүргізушілер болатын. Ешқандай жүргізушіге зиян тимеген. Алаңда тұрған жерінен шығуға мүмкіндік болмай, жағып жіберген. Тек біздің автобустар емес, ол жерде біраз автокөліктер өртенді. Кестеге сәйкес қазіргі кезде ол автобустардың орны толықтырылып, жүріп жатыр.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Қызылордада 18 ғимарат пен 50 шақты көлік өртке оранды. Қаралы қаңтар оқиғасынан кейінгі шығын 6 миллиард теңгеден асып кетті. Ереуілшілер «Аманат» партиясы мен облыстық Сот маңында орналасқан жеке телеарнаның ғимаратына да от қойды. Мекеменің 18 сағат ақпарат таратуға арналған құрылғыларының біразы жарамсыз болып қалды.

Баян Құлтанова, "Қоғам-ТВ" телеарнасының бас редакторы:

- Монтаждау және кіші студия жанып кетті. 40 шақты қызметкер түн ішінде келіп, қондырғыларды көліктерге тиеп, қауіпсіз аймаққа тасыдық. Коммуникациялық желілер үзілгендіктен бір апта бойы ақпарат тарата алмадық. Жалпы шығын 10 миллион теңге шамасында болды.  

Телеарна ұжымы жабылып жүріп, бір жетіден соң эфирді қайта қалпына келтірді. Жалпы өңірдегі кәсіпкерлік және тұрғындарға тиесілі жеке нысандарды жөндеуге миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қайтыс болған азаматтардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді.    

Алмасбек Есмаханов, облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Асыраушысынан айырылған 14 отбасыға, кәмелетке толмаған балаларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек төленіп жатыр. Одан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен 8 отбасына жылдық асын өткізуге бюджеттен тыс көздер арқылы қолдау көрсетіліп, көмек берілді.  5 және 3 отбасына «Мектепке жол» акциясы аясында балаларына мектепке баруға және азық-түліктей көмектер беріліп жатыр.      

Қасіретті қаңтарда қайтыс болған 9 азаматтың жақын туыстары облыс әкімінің жеке қабылдауында болып, мәселелері шешілді. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Ахан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев.