Алматы облысында қаңғыбас иттер азаймай тұр

Алматы облысында қаңғыбас ит қаптап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ғана Қарасай ауданында былтыр 700-ге тарта адам жапа шеккен. Көше кезген төрт аяқтылардан зәрезап болған тұрғындар балаларын мектепке өздері апарып, алып келеді. Ал жергілікті әкімдікке арызданғанымен нәтиже жоқ.

Абай ауылының тұрғыны Бекболат Қысанбайдың ұлы 8 жасар Асланды 1 апта бұрын ит қапқан. Демалыс күні күндізгі уақытта дүкенге бара жатқан баланы 4 ит бас салып, біреуі тісін батырып үлгеріпті. Құлындағы дауысы шыққан жеткіншекті көршілері құтқарып алыпты. Ауруханаға жеткізіп, бірден құтырмаға қарсы ине салдырыпты.

Бекболат Қысанбай, Абай аулының тұрғыны:

- Мен жұмыстан келіп, түсте ұйықтап жатқанмын. Бұл сол дүкенге барамын деп кеткен, ойнап жүргенде тістеп алған. Содан кейін үйге біреу көтеріп алып келді. Қарасақ, көрші кісі екен. Сол көтеріп алып келіп, мына балаңды иттер талап жатыр деді. Бұл қайта шығып қалған. Үйіне қонақтар келіп, есік алдынан дауыс шаққан соң жүгіріп шыққан.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдай соңғы 1 айда бірнеше рет болған. Жұрт амалсыздан балаларды 200 метр жердегі мектепке өздері апарып, алып қайтатын болыпты.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Ветеринарлық қызметтің мәліметінше, Қарасай ауданында өткен 1 жылда 800-ге жуық адам үй жануарларынан зардап шеккен. Соның ішінде 700-ге жуығын ит тістепті. Ветеринарлық қызмет қаңғыбастармен күрес жұмыстарын тұрақты жүргізгенімен әртүрлі кедергілер қолбайлау болып тұр дейді.

Мысалы, жалақы аз болғандықтан, жұмыс күші тапшы. Ит аулауға қажетті көліктің тозығы жеткен. Сонымен қатар, қоғамда қарама-қайшы пікір қалыптасқан. Егер ветеринарлық қызмет иесіз иттерді ауламаса, адамдар зардап шегіп, жұрттың шағымы артады. Ауласа, жануар жанашырларының қарсылығына ұшырайды екен.

Сабырбек Мұхтар, Қарасай аудандық ветеринарлық станциясының директоры:

- Былтыр аудан бойынша 1800 ит ұстауымыз керек болатын, бізге берілген қаржы 6 млн 840 мың теңге болған. Басқа 3800 теңге ақша бөлінеді. Сол 3800 теңгенің ішінде жұмысшылардың айлығы, жүретін жанармайы, ұйықтататын дәрі-дәрмектері, иттің тамағы, жұмысшылардың арнайы киімдері, ұстайтын құралдарының бәрі сол 3800 теңгенің ішінде.

Қарасай ауданында 1 жылда ауланған 2100-ден аса қаңғыбас иттің тек 12-нің ғана иесі табылыпты. 600-ден аса бұралқыны жануар жанашырлары алып кеткен.

 Бірақ барлық итті асырауға олардың да мүмкіндігі жетпейді. Қалғандарын амалдың жоқтығынан залалсыздандыруға тура келіпті. Ал мұндай әрекетті жануар жанашырлары құптамайды. Өйткені ветеринарлық қызметтің жұмысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қайшы, - дейді.

Сергей Снегирёв, зооқорғаушы:

- Ветеринарлық қызмет заң бойынша жұмыс істейтін болса, ұсталған иттердің иесі табылғанға дейін немсе 2 ай бойы бағуы тиіс. Содан кейін ғана келесі жолдарды қарастыру керек. Яғни, еріктілерге немесе жануар жанашырларына тапсыруына болады. Ал адамдарға қауіпті немесе ауру иттер ғана жойылады. Қалған иттер репродуктивті қасиетінен айырылып, стерилизация жасалып, қайтадан босатылу керек.

Биыл ветеринарлық қызмет мамандары иесі бар иттерге арнайы чип салып, тізімін жасауды жоспарлап отыр. Ал жануар жанашырлары ең бастысы ит ұстайтын азаматтар жауапкершілікті сезінсе екен, үй жануарын көшеге қаңғытып жібермесе екен дейді. Әйтпесе бұл мәселе жуық арада шешілмейтіні анық. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев.